Жалақы өскеннен кейін дүниежүзі бойынша онсыз да ең жоғары саналатын Сингапур министрлерінің табысы 60%-дан астамға артады.
Сингапур премьер-министрі Лоуренс Вонгтың жылдық жалақысы 2,2 млн сингапур долларынан (1,7 млн АҚШ доллары) 3,6 млн сингапур долларына (2,8 млн АҚШ доллары) дейін көбейеді. Премьер-министр бұл қосымша қаражатты алдағы бес жылда қайырымдылыққа жұмсайтынын айтты.
Жалақысы өскенге дейін де Лоуренс Вонг әлемдегі ең жоғары жалақы алатын көшбасшы болып отыр.
Ал Сингапур министрлерінің жылдық жалақысы еңбек өтілі мен атқаратын қызметінің маңызына қарай 1,8 млн-нан 2,8 млн сингапур долларына дейін жетеді.
Үкімет бұл бастаманы талантты мамандарды мемлекеттік қызметке тарту қажет екенімен түсіндірді. Бұған дейін билік министрлерге жоғары жалақы төлеу сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал ететінін айтқан.
Сонымен қатар Лоуренс Вонг Сингапур министрлерінің жалақысы ел азаматтарының басым бөлігінің табысынан айтарлықтай жоғары екенін мойындады. Сингапурдағы орташа айлық табыс — 5 775 сингапур доллар.
Сингапур министрлерінің жоғары жалақысы елде бұрыннан бері қызу талқыланып келеді. Бұл мәселе биліктегі Халықтық іс-қимыл партиясының (PAP) да өткір сынына себеп болған.
2011 жылғы маңызды жалпыұлттық сайлауда PAP бірнеше онжылдықтағы ең төмен дауыс үлесін жинады. Бұған министрлердің жалақысына наразылық пен көші-қон саясаты да әсер еткен. Келесі жылы үкімет министрлердің жалақысын айтарлықтай қысқартты.
Жалақыны көтеру туралы хабардан кейін желі қолданушыларының көпшілігі бұл шешімді сынады. Олар инфляция, жұмыс орындарының қысқаруы және түлектердің жұмысқа орналасуына қатысты алаңдаушылық күшейіп тұрған кезде мұндай өсімді «орынсыз» деп бағалады.
Үкімет мәліметінше, Сингапурда биылғы екінші тоқсанда жұмыстан босатылғандар саны кейінгі бес жылдан астам уақыттағы ең жоғары деңгейге жеткен.
Еске салайық, бұған дейін Сингапур 2006 жылдан бері 12-ші рет жаһандық қауіпсіздік рейтингінде I орынды иеленгенін жазғанбыз. 2024 жылы сингапурлықтардың 98 пайызы түнде жалғыз серуендеген кезде өздерін қауіпсіз сезінетінін айтқан. Бұл — Гэллап институты тіркеген әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.