Әлемдегі кикілжіңдер неліктен БҰҰ килікпей шешілмейді

Коллаж: Kazinform/Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі кезде әлемде ежелгі текетірестер қайта ушығып, жаңа кикілжіңдер туындап жатыр. Kazinform халықаралық шолушысы кейінгі бес жылдағы кикілжіңдер БҰҰ-ның күш салуымен қалай реттелгенін таразылап көрді.

Қарабақ үшін қақтығыс

2020 жылдың күзінде Қарабақтағы майдан оты кенет қайта өршіген еді. 44 күнге созылған шайқаста Әзербайжан жеңіске жетіп, тарихта бұл кезең Екінші Қарабақ соғысы деген атпен қалды. 2023 жылы Әзербайжан әскері аумақты толықтай бақылауына алды. Онда қоныстанып үлгерген армян қауымы Бакудың бауырға тарту ұсынысына қарамастан жаппай көшіп кетті. 2023 жылдың қыркүйегінде кейінгі 30 жылда алғаш рет БҰҰ миссиясы барды.

Ауғанстан

2021 жылдың тамызында Ауғанстанда билік ауысып, тәліптер қайта ел тізгінін қолына алды. Бұл оқиға аумақта гуманитарлық дағдарыстарға бастау болып, әлем назары түгел ауды. Жағдайды халықаралық коалиция әскерінің елден асығыс кетуі ушықтыра түсті. Зайырлы режимнің орнына діни режимнің келуі, әсіресе Ауғанстандағы әйелдердің жағдайын қиындатты.

БҰҰ елдегі 39 миллион халықтың 23 миллионы аштыққа душар болуы мүмкін екенін айтып, дер кезінде дабыл қақты.

Елде билік ауысқан кезде өз бастарын қатерге тіге жүріп, қосақ арасында зардап шеккен халыққа көмек қолын созған БҰҰ өкілдері болды. БҰҰ-ның Ауғанстандағы гуманитарлық жағдайды ушықтырмай ұстауына Қазақстан да септігін тигізгенін атпай кетуге болмас. Осының бәрін ескеріп, БҰҰ биыл Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға жауапты аймақтық орталығын ашуды көздеп отыр.

Фото: news.un.org

Судан

Ал Суданда 2021 жылдан бері азаматтық соғысқа пара-пар ахуал қалыптасып отыр. Омар әл Баширді әскерилер биліктен аударған соң биліктен дәмелі топтар екі жаққа бөлініп, арпалысып келеді. 2023 жылы әскерилер мен Жедел ден қою жасақтары қарулы қақтығысқа дейін барды. Қарапайымдап айтсақ, бір тарап араб текті қауымның, екінші жақ қара нәсілді қауымның атынан «сөйлеп» жүр.

Бұл қақтығыстан кейінгі екі жылдың ішінде Суданды гуманитарлық апатқа жеткізді. Салдарынан миллиондаған адам ішерге тамақ таппай отыр. Жедел ден қою жасақтарының Эль-Фешир қаласын басып алғанына 14 ай болды. Қазір БҰҰ дипломаттары қосақ арасында аштықтан зардап шегіп жатқан қарапайым тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізудің жолдарын іздеп әлек.

Фото: x.com/@ftn001

Газа

2023 жылдың 7 қазанында «Хамас» сарбаздарының Израильдің бейбіт тұрғындарына оқ атуы Газа трагедиясына жол ашып берді. Израиль бастаған Газадағы арнайы операцияның әзірге бітетін түрі жоқ.

«Хамастың» террорға негізделген ұрыс жүргізу тактикасын бүкіл әлем жазғырғанымен, Газадағы 2 млн қарапайым халықты Израиль әскерінің аяусыз жаныштауына қарсылық білдірушілер күн өткен сайын көбейіп келеді. Әскери іс-қимылдар, сонымен байланысты шектеулер гуманитарлық көмекке мұқтаж адамдардың санын еселеп арттырды. БҰҰ тек гуманитарлық көмек жеткізу амалдарын ғана тауып қоймай, араз тараптарды татулыққа шақыруды бір сәт те тоқтатпай отыр.

Украина

Украина мен Ресей арасындағы соғыста БҰҰ-ның ықпалы айқын көрінді деуге келмейді. Өйткені соғысты келіссөз арқылы тоқтатуға мүдделі тараптар тым көп. БҰҰ алаңында соғысушы тараптардың да, басқа тараптардың да ұстанымы айтылып, талай тайталас өтті.

Қазір Украинадағы атыстарды тоқтату үшін бітімгер күштерді елге кіргізу мәселесі қызу талқылана бастады. Мұндай нұсқаны тараптардың бәрі мақұлдаса, БҰҰ-ның ықпалы қайта бірінші орынға шығар еді. Өйткені Украина бітімгер күштер ретінде еуропалық сарбаздарды көргісі келсе, Ресей қытайлық әскерилерді әкелуді меңзейді. Сондықтан БҰҰ-ның көгілдір қалпақты контингенті бітімгерлікке кепіл болатын әрі ең бейтарап жасақ болып тұр.

Фото: Pixabay

БҰҰ реформасы

Жуықта ғана Қытайдың Тяньцзин қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалау бастамасы көтерілді. Қазір бұл кеңеске бес мемлекет мүше – АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Ресей. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан жүйе деуге болады.

Қазір әлемде БҰҰ-ның еш қажеті жоқ дегенге саятын ұстанымдар бар. Бірақ халықаралық ахуал шиеленіскен сайын гуманитарлық көмек пен дипломатиялық қатынастарға деген сұраныс артып отыр.