Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты Қазақстан мен Болгария ұстанымы ұқсас - Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты Қазақстан мен Болгария ұстанымы ұқсас. Бұл туралы Ақордада Болгария Президенті Румен Радевпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Президент Румен Радев мырза екеуіміз аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де талқыладық. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты екі елдің ұстанымы ұқсас. Біз бір-біріміздің бастамаларымызды үнемі қолдап келеміз. Көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастығымыз ойдағыдай дамып келеді. Мен Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанды дамыту орталығын құру туралы бастаманы қолдағаны үшін болгар тарапына, Президент мырзаға зор алғыс айттым, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлемдегі күрелі геосаяси ахуал мен түрлі қақтығыстар елдерімізді алаңдатып отырғанын баса айтты.
- Қос тарап та барлық түйткілді бейбіт және саяси дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санайды. Біз көпжақты дипломатияны одан ары дамытуға ерекше мән береміз. Болашақта да халықаралық деңгейде күш-жігерімізді біріктіріп, үйлесімді жұмыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісіне белсене қатысуға келістік. Бұл сапар Қазақстан мен Болгарияның қарым-қатынасын тың қарқынмен дамытуға жол ашады деп сенемін. Біз бір-бірімізге өзара қолдау көрсетіп, ортақ мақсаттарға бірге жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін, - деді Президент.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті қарсы алғанын жазған едік.
Бірлескен мәлімдеме барысында Президент Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне Болгарияның Бургас және Варна теңіз порттарын қосу мәселесі қарастырылатынын айтты.