Әлемдегі дағдарыс кезеңінде Н. Назарбаев маңызды және орынды шешім қабылдады - Е. Грачева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшілігімен Мәскеулік оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттердің белсенділері, «Болашақ» бағдарламасының стипедиаттары және ресейлік эксперттердің қатысуымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» Жолдауының басты бағыттарын талқылауға арналған шара ұйымдастырылды.

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының өкілі Шыңғыс Бескемпіров, осы Жолдауда Мемлекет басшысының Қазақстан жастарына сенім білдіріп, оларға қатысты мәселелерге айрықша көңілін аударғандығына баса тоқталды.

«Нұрлы Жол» Жолдауына қатысты О.Е.Кутафин атындағы құқық академиясының бірінші проректоры, заң ғылымдарының докторы Елена Грачева: «Әлемдегі экономикалық дағдарыс кезеңінде Н. Назарбаев маңызды және орынды шешім қабылдады. Қазақстан мен РФ тығыз қарым-қатынаста болғандықтан ҚР Президентінің халқына Жолдауының Ресейге де маңызы зор» - деп атап өтті.

Жолдауға қатысты өздерінің оң көзқарастарын РФ жанындағы Қаржы университетінің Жоғары мектебінің директоры Сергей Шохин және К.А.Тимирязев атындағы мемлекеттік университетінің проректоры, экономика ғылымдарының докторы Сергей Гарник те білдірді.

Сонымен қатар, қазақстандық студенттер пікір алмасуға қызу қатысып, Жолдауда көрсетілген маңызды бағыттары бойынша еңбек етуге дайын екендіктерін білдірді.