Әлемдегі ең бай топ-модель белгілі болды
Көптеген елдердің журналистері жүргізген рейтингінің бірінші орнын ол 350 млн. доллар жылдық табысының арқасында алды.
Ал бұған дейін осы орыннан түспей келген Жизель Бундхен 250 млн. доллар табыспен екінші орынға ығысты. Оны ығыстырған Кэти 13 жыл бойы Sports Illustrated журналымен қоян-қолтық жұмыс жасап, кейіннен өзінің Kathy Ireland Worldwide деп аталатын коммерциялық империясын құрып алған еді. Ол түрлі салалар бойынша 15 мыңға жуық тауар түрлерін шығарумен айналысады.
Бұл тұрғыдан келгенде, Жизель Бундхен аздап осалдау: оның жеке бизнес-жетістігі - 40 заттан тұратын іш киім үлгілерін айналымға шығаруы болды. Дегенмен, бұл қадамы оның өз байлығын 40 пайызға дейін көбейтуге көмектескенін атап өткен жөн.
Подиум падишаларының үштігін Синди Кроуфорд тұйықтайды. Оның байлығы жылына 100 млн. доллар. Өткен ғасырдың 90-жылдарында топ жарған топ-модель қазір жиһаз дизайнымен айналысып, фитнестен бейнесабақтар беріп, «нанын айырып» жүрген көрінеді.
Төртінші орында - Тайра Бэнкс (90 млн. доллар). Тайра подиумда «тайраңдап» қана қоймай, өзін танымал тележүргізуші, дарынды жазушы ретінде де дәлелдей алған топ-модель болып табылады. Бесінші орын - Кристи Бринкли (80 млн). Бұл американдық топ-модель Cover Girl атты америкалық компаниямен шарт жасау арқылы ғана байымай, жылжымайтын мүлікке қаржы салу арқылы да қыруар пайда тапқан көрінеді.
Хайди Клум 70 млн. доллармен алтыншы орынға табан тіреді. Оның осынша ақша жинауына Victoria's Secret-пен әріптестік келісімшарты, түрлі телешоуларға түсуі, ірі киім брендтерімен жұмыс жасауы және басқа да бизнес-жобалардың пайдасы тиді. Жетінші орында - 50 млн. доллар табатын Кейт Мосс келе жатыр. Оның ақшасы Rimmel косметика брендімен жұмыстан, сондай-ақ, өзі ашқан ерін бояғыш пен опа-далап саудасынан түсіп отыр.
Одан сәл қалып қойған Наоми Кэмпбелл 48 млн. доллармен сегізінші орынды қанағат тұтты. Бұл Қара Пантера осыншама ақшаны подиумға шығып және жарнамаға түсіп-ақ тауып алды. Енді соның қызығын көріп, даңққа бөленген күйі тыныш қана өмір сүруде. Тоғызыншы орында - австралиялық топ-модель Эль Макферсон (45 млн доллар). Сән әлемінен кеткен соң, ол өзі жасап шығарған Elle Macpherson Intimates маркалы көйлек саудасынан көп-көрім пайда көріп отыр.
Үздік ондықты жылына 40 млн. доллар пайда табатын Клаудия Шиффер тәмамдайды. Оның да бұл жетістігі сән әлеміндегі карьерасына және өзінің киім жүйесіне тікелей байланысты.
Топ-15 тобына сондай-ақ, Милла Йовович (36 млн), Адриана Лима (35 млн), Кристи Тарлингтон (18 млн), Линда Евангелиста (18 млн) және Даутцен Крустер (9 млн) кіреді.