Әлемдегі ең кәрі маймыл көз жұмды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тағы Сан-Диего хайуанаттар бағында жасы 60-қа келген әлемдегі ең кәрі Вила атты горилла көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Би-Би-Си агенттігіне сілтеме жасап.

Зообақ басшылығының мәлімдеуінше, алпыс жыл өмір сүрген ұрғашы маймылдың артынан бес буынның ұрпағы өрбіген.

«Горилланың мұндай ұзақ жасауы әлемде өте сирек. Әдетте олар 35-40 жыл ғана жасайды», - дейді Калифорниядағы сафари-парктің жетекшісі Пегги Сегстон.

Әлемдегі ең кәрі гориллалардың тағы бірі Арканзастағы Литл-Рок хайуанаттар бағында тұрады екен. Оның жасы 61 шамасында.

Ол Африкада табиғат ортасында дүниеге келген. Кейін оны адамдар үстап алып горилланы зообаққа тапсырған.

Еске сала кетсек, өткен жылы қамауда туған және сол кездегі жасы ең үлкен саналған Коло атты кәрі маймыл дүниеден өткен болатын.