Әлемдегі ең кедей президент бүкіл табысын қайырымдылыққа жұмсайды

АСТАНА. 30  қыркүйек. ҚазАқпарат-  Уругвайдың Президенті Хосе Мухику барлық табысын қайырымдылық ісіне жұмсайды, деп хабарлады «RuNews.org» сайты. Оны отандастары «ең кедей президент» деп атайды.

Ол өзінің 12,5 мың доллар көлеміндегі жалақысының 1250 долларын өзіне қалдырады да, қалған 90 пайызын қайырымдылық шараларына жұмсайды. Оның әйелі сенатор, ол да өзі табысын күйеуі сияқты ізгілікті шараларға жаратады.

Мухикудың бүкіл  президенттік кезеңінде елдің ең бірінші ерлі-зайыптылары 1945 долларға Фольксваген машинасын ғана сатып алыпты.

«Маған бұл ақша толық жетіп-артылады және жетуге тиіс, өйткені көптеген уругвайлықтардың табысы бұдан да төмен», - дейді ол.

Олар Монтевидео маңындағы фермада тұрады, банкте ешқандай есепшоттары жоқ, қарыздан да ада, әртүрлі бекзаттық шаралардан гөрі  кешті отбасымен өткізгенді ұнатады.