Әлемдегі ең зәулім тұрғын үйдің құрылысы аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йоркте әлемдегі ең зәулім тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Биіктігі 423 метрге жететін 96 қабатты ғимарат атақты Empire State пен Chrysler Building сияқты еңселі үйлерден де асып түседі. Барлық қабаттар салынып болғанымен, енді ішкі жұмыстар қалып тұр, деп жазады khabar.kz.

Тұрғындар үшін үй бір жылдан соң пайдалануға берілмек. Нью-Йорктың ең таңдаулы ауданы Манхеттенде орналасқан үйде 104 пәтер бар. Олардың бағасы 16 миллионнан басталып, 95 млн. АҚШ долларына дейін барады. Төбесі көк тіреген ғимарат әлемдегі ең биік тұрғын үй саналған Дубайдағы Princess Tower ғимаратынан да 10 метрге биік.

Бірақ, америкалық үйдің бұл мәртебесі ұзаққа бармайтын сияқты. Себебі, алдағы жылы Үндістанның Мумбай қаласында биіктігі 442 метрге жететін «Әлемдегі бірінші» деген атауға ие болған тұрғын үйдің құрылысы аяқталуы керек.