«Соңғы 40 жылда адамдардың өмір сүру ұзақтығы айтарлықтай ұзарды. Біз сонымен бірге, ана мен бала өлімін айтарлықтай азайттық. Денсаулық сақтау саласындағы сәтті қадамдардың тағы бірқатарын мысал ретінде келтіруге болады. Әлемдегі кейбір адамдар ең соңғы медициналық технологияларға қол жеткізе алады. Ал кейбірі тіпті базалық деңгейде ол қажеттіліктерге мұқтаж. Жер бетіндегі халықтың жартысына жуығы денсаулық сақтау саласының өмірлік маңызы бар қызметіне қол жеткізе алмай отыр. 150 миллионға тарта адам кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Медициналық қызмет алу үшін соңғы ақшасын салуда», - дейді ол.
Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша, әлемдік медицина соңғы 40 жылда айтарлықтай прогреске қол жеткізген.
«Біз аурулардың белгілі бір түрлеріне қарсы күресте күш-жігерімізді біріктіре бастадық. Ең алдымен аурулардың алдын алуға баса мән беруіміз керек. Декларация ең алдымен адамдарға назар аударылуы керектігін нұсқайды. Сонымен бірге, декларация аясында әрбір адамның өз денсаулығына жіті қарауы керектігі ескерілуі тиіс. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласына қатысты барлық секторда әлеуметтік аспектілерді де ескеру керек», - дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры.
Оның айтуынша, Алматы декларациясы қабылданған 1978 жылдан бері әлем саяси және экономикалық тұрғыда көп өзгеріске ұшыраған.
«Алайда денсаулыққа деген құқық өзгерген жоқ. Бәріміз де адамбыз. Қанымыз да, үмітіміз де, ерік-жігеріміз де бір. Кейбірімізде басымдық бар, кейбіріміз қажеттілікке зәру боп өмір есігін аштық. Кейбіреулердің үлкен арманы бар. Ал кейбіріміз тек өмірімізді сақтап қалу үшін тіршілік етіп жатырмыз. Бірақ, бәрімізге ортақ мақсат - деніміз сау болып өмір сүру. Денсаулық сіз жағдайыңызды жасап алғаннан кейін берілетін сыйақы болмауы керек. Денсаулығын қаратуға кез келген адам қол жеткізе алатындай жағдай жасау керек. Міне, сондықтан біз барлық әлеуетімізді осы мақсатқа жұмылдыруға тиіспіз», - дейді Тедрос Адханом Гебрейесус.
Еске сала кетсек, елордада бүгін медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Жаһандық конференция өтіп жатыр. Жиынға әлемнің 120 елінен медицина саласының басшылары мен білікті мамандар келіп отыр. Олардың қатарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус, ЮНИСЕФ атқарушы директоры Генриетта Фор, ДДҰ Еуропа өңірлік бюросының директоры Жужанна Якаб бар.