Әлемдегі мұнай бағасына байланысты Қазақстандағы мұнай компанияларына салық төмендетілуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемде мұнай бағасының құлдырауына байланысты Қазақстанда мұнай компаниялары үшін салықтық жүктеме төмендетіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, әлемде қайта ашылып жатқан кен орындары мұнай өндірудің күрделі геологиялық-техникалық жағдайларына, яғни шикізатты тереңнен өндіруге алып келуде. Осы орайда көптеген кен орындарында мұнай қорын зерттеу тұрғысында қымбат технологияларды пайдалану қажеттілік етеді. Мұнымен қоса, соңғы кезде әлемдегі мұнайдың төмен бағасы кен орнын толық игеруге елеулі түрде ықпал етуде. Соңғы жылдары мұнай өндірудің өзіндік құны тұрақты түрде артып келе жатқан көрінеді.

«Жер қойнауын пайдаланушылар шығыстарын зерттеу, сондай-ақ мұнай-газ саласы үшін күрделі кезеңде Қазақстанда өндіру деңгейін қолдау мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында мұнай-газ компанияларына салықтық жүктемені түзету шаралары қаралуда. Талдау жұмыстарына қарағанда, биыл Қазақстанда мұнай секторы бойынша салықтық жүктеме коэффиценті 75 пайыз шамасында»,-деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, мұнайға экспорттық-кедендік баж салығы ерекшеленуде, яғни ол барреліне соңғы жылдарда 20 доллардан 80 долларға дейін өсті.

«Экспорттық-кедендік баж салығының мөлшері белгіленген деңгейде төленеді. Бүгінде ол әлемдік мұнай бағасына байланбаған және аталған баж салығын төлейтіндердің тиімділігі деңгейін ескермейді. Жоғарыда аталған мәселеге байланысты экспорттық-кедендік баж салығының төмендеуі мен бүгінгі ахуалға қатысты өзге де салықтарды оңтайландыру мұнай құнының төмен кезеңінде өндіруші компанияларға экономикалық жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жер қойнауын пайдаланушыларға өздерінің шарттағы міндеттемелерін орындауға жол береді», - деді Ұ. Қарабалин.

Осы мақсатта бұл мәселені қарастыру тұрғысында Ұлттық экономика министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Қаржы, Энергетика министрліктерінің, «KAZENERGY» қауымдастығының және «ҚазМұнайГаз» компаниясының өкілдері тартылған.