Әлемдегі жылдық табысы ең жоғары футболшының есімі жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Американың «Forbes» журналы өзінің жыл сайынғы жер бетіндегі табысы ең жоғары футболшылар рейтингісін жариялады.

Онда алғашқы орынды «Реал» (Мадрид) испандық клубының аяқдоп шебері португалдық Криштиану Роналду иеленді, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС. Басылымның жазуынша, 2013 жылы Роналду $73 млн. көлемінде табыс тапқан. Оның $49 млн. - футболшының жалақысы мен клубтағы бонусы болса, қалған 24 млн. доллар табысы «Nike», «Samsung», «Tag Heuer», «Fly Emitates» және «Herbalife» сынды компаниялармен серіктестігінің арқасында түскен. Португалдық шабуылшы бір матчта бір доптан артық соғып (244 ойында 251 гол), футбол алаңында басқа ойыншылардан гөрі көбірек табыс табады екен. Өткен жылдың қыркүйек айында ол бес жылдық келісімшартқа қол қойған, соның нәтижесінде енді рекордтық соманы - 206 млн. долларды иеленуі тиіс. Осы жылдың қаңтар айында ол әлемнің ең үздік футболшысына берілетін «Алтын допты» иеленді. Рейтингтің екінші орнында испандық «Барселонаның» шабуылшысы аргентикалық Лионель Месси тұр, оның табысы - $65 млн. Үшінші орынды француздық «Пари Сен-Жермен» шабуылшысы Златан Ибрагимович иеленді. Оның қанжығасында алаңдағы ойыны үшін тапқан $30 млн. табысы мен «Nike» және «Volvo» компанияларымен әріптестігінің нәтижесінде тапқан $4 млн. бар. Сондай-ақ бұл тізімдегі жылдық табысы ең жоғары аяқдопшылардың алғашқы бестігіне «Барселона» ойыншысы Неймар ($28 млн.), «Монако» және Колумбия құрамасының ойыншысы Радамель Фалькао ($26 млн.) енді. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылғы рейтингте бірінші орынды ағылшын Дэвид Бэкхем иеленсе, Рональдо екінші орыннан, ал Месси үшінші орыннан көрінген болатын.