«Әлемді биік рух сақтайды» – республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 19-ы, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Әлемді биік рух сақтайды» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалаға кеше Астанада өз жұмысын бастаған әлемдік ауқымда тұңғыш рет өткізіліп жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумындағы мәселелер арқау болған. «Кез-келген халықтың рухани мәдениетінің негізін бейбітшілікке, келісім мен әділеттелікке ұмтылыс құрайды. Көпұлтты Қазақстан мәдениетіне тән рухани бастауларды нығайту - бұл мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдасы. Қазақстанда жыл сайын Рухани келісім күні атап өтіледі. Біздің елордамыз - Астана Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтетін орынға айналып отыр. Сенім, толеранттылық, мәдени дәстүрлерді өзара байыту, ашықтық пен үнқатысу тақырыптары алда болатын ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінің күн тәртібіне енгізілген», делінген мақалада. Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумында көтерілген мәселелер туралы жоғарыдағы материалдан егжей-тегжейлі біле аласыздар.

Сондай-ақ газеттің бүгінгі санында ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы Төрағасы Қанат Саудабаевпен сұхбат жарияланған. Сұхбат «Қазақстанның ШЫҰ-на төрағалығы көпжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңі болуға тиіс» деген тақырыппен берілген. Қ. Саудабаевтың пікірінше, біздің Шанхай ынтымақтастық ұйымы бойынша серіктестеріміз қазірдің өзінде Қазақстан төрағалығының айтарлықтай белсенді әрі қарқынды жүріп жатқанын атап өтуде. Біріншіден, Қазақстан тарапы Астанадағы саммитті өткізуден бір жыл бұрын оны өткізу күнін 2011 жылдың 15 маусымы деп белгіледі. Шанхайда 10 жыл бұрын дәл сол күні ШЫҰ құрылған саммит өткен болатын. Қазір бұл күн Шанхай ынтымақтастық ұйымының ресми құрылған күні деп аталады. «Екіншіден мен атап өткендей, біз ұйымның бір мемлекет төрағалық еткен кезеңдегі басымдықтарын белгілейтін ШЫҰ-ы үшін жаңа құжат пішіні, яғни Іс-қимыл жоспарын ұсынып, оны тәжірибеге енгізіп отырмыз», дейді сұхбатында Қ. Саудабаев. Сұхбаттың толық нұсқасымен танысқыңыз келсе «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

***
«Айқын» газетінде жарияланған «20-желтоқсан Жаңа индустрияландыру саясатын жұртшылыққа паш етер күн» атты мақалада алдағы қыстың алғашқы айында, Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында, ел Үкіметі Ұлт көшбасшысына Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жаңа жобаларының таныстырылымын өткізетіні жазылған. «Салтанаттың ендігі ұйымдастырылар күні де белгіленіпті: үкіметтегілер ресми Астана 56 елдің көшбасшыларының ұлы құрылтайын өткізіп, иығынан ауыр жүгі түсетін, ал халқымыз ұлтымыздың ұлық мерекесін атап өтуге ыңғайланатын шақты, дәлірек айтқанда 20 желтоқсанды Елбасының Жаңа индустрияландыру саясатының жаңа жемістерін жұртшылыққа паш етер күн ретінде анықтапты. Осы күні таныстырылымы өтетін жобалар, Үкіметбасының айтуынша, жыл соңына дейін қолданысқа берілуге тиіс. Яғни жаңа жылды Қазақ елі жаңа зауыт-фабрикалармен, озық технологиялы тың өндіріс орындарымен қарсы алмақ», делінген жоғарыдағы мақалада.

Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі нөмірінде «9 айда - 98 қылмыс» деген тақырыппен берілген мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, ауылдан арман қуып келген 15-16 жастағы студенттің тең жартысы, яғни 53 пайызы пәтер жалдап тұрады. Онда «хозяйка» деген мүлдем жоқ. Кәмелетке толмай-ақ бар өмірін қолға алған бозбала мен бойжеткенді қала түзу жолдан тайдырып жатыр. Мәселен, соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша жасөспірім қолымен 98 қылмыс жасалған. «Олар ұрлық жасап, адам да өлтіріп жатыр. Қазақстанның басқа аймағымен салыстырғанда Ақтөбенің халі әлдеқайда жақсы. Бірақ ішімдікке әуестенушілер саны 400-ге жетті», - дейді ІІД-нің бастығы Патрис Нокин. Кеше ғана Ақтөбе қаласының №19 орта мектеп жанында атыс болды. Оған барлығы 18-22 жас аралағындағы жеті жігіт қатысқан. Облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға арасында колледж студенттері де бар», делінген материалда. Ақтөбедегі қылмыстық ахуал мен жастар өміріне қатысты мәселелер жөнінде жоғарыдағы мақаладан оқып, біле аласыздар.

***
«Орыстар үшін Қазақстанда жұмысқа орналасу қиынға түсіп жатыр, сондықтан мен орыстілділер үшін өндіріс орнын ұйымдастырамын. Мұны қалай жасау керектігін мен білемін, себебі коммерсантпын. Оның үстіне, мен орыс тілін мемлекеттік тіл қылу туралы мәселе көтеремін. Көптеген орыстар 50-60 жастарында қазақ тілін үйрене алмайды. Жалпы айтқанда, мен кейбіреулер сияқты балалайка ойнап отырмаймын, нақты істермен айналысамын. «Лад» славяндар қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалының төрағалығына сайланған Александр Сложеникин осылай деп жар салуда. Мұны орыстілді журналистер «сүйіншілеп» жұртқа жайды... Қостанайлық кәсіпкердің ерсі әрекеттері жөнінде білгіңіз келсе «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Қостанайлық коммерсантты құтыртып отырған кім?» атты мақалаға көз жіберіңіз.

Сондай-ақ «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Еуроодақ Түркияны неге өгейсітеді» атты мақаладан жарияланды. Басылымның жазуынша, Еуроодақ қандай ұым деген сауал туындай қалса, кәрі құрлыққа кәдімгідей кәрін төгіп тұрғын іргелі ұйым деп жауап беруден тайынбауыңыз бек мүмкін. Ал шын мәнісінде солай ма? Иә, Еуроодақ дәл қазір анау айтқандай, абыройдан жұрдай болмаса да, күз келе жапырақтары жерге төгілетін қара талдай «жалаңаштанып» қалды. Талай-талай адуынды басшылар, дүлей диктаторлар, епті экономистер, «сыпайы» саясаткерлер, жұлқынған «жындылардың» мини-міндеріне айналып үлгерген Еуроодақтың трибунасы кәдімгідей көнерді. Неге? Жалпы, Еуроодақтың түпкі мақсаты не? Бұл сұрақтың жауабын жоғарыдағы мақаладан іздеп көріңіз.

***

Кеше Мәжіліс депутаттарының алдында еліміздің әлеуметтік саласында атқарылып жатқан істер жөнінде есеп берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорпғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, еліміздің азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар соңғы жылдары қаржы дағдарысы сияқты қиындықтармен тұспа-тұс келді. Дегенмен қолға алынған іс нәтижесіз емес. Мысалы аймақ тұрғындарын жұмыспен қамту жөніндегі «Жол картасы» бағдарламасы бойынша, 2009 жылы елде 5 мың 200 жоба жүзеге асқан. Ол өз кезегінде 390 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар жағымды жаңалықтар жалпы алғанда еңбекпен қамту нарығында да аз емес. Осы жылдың қазан айына дейінгі көрсеткіштер бойынша, жұмыспен қамтылған азаматтар саны 8 миллион 163 мыңды құраған. Еліміздің әлеуемттік саласында атқарылып жатқан осы және өзге де мәселелер жөнінде «Казахстанская парвда» басылымының бүгінгі санындағы «Феномен умышленного отдаления» атты мақалда жазылған.