Әлемді жақсартамыз: Қарапайым қазақстандықтар бейнероликтің кейіпкеріне айналды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Жеңістерге бірге жетейік» атты әлеуметтік бейнеролигі жарыққа шықты. Видео кейіпкерлері өз ісіне берілген қарапайым азаматтар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жанар Рамазанова Астана қаласының отбасылық аула клубтарына келетін балаларға музыка сабағынан дәріс береді. «Музыка адам жанын емдейді, тәрбиелейді, өмірдегі жақсылыққа сеніп, алға қарай талпынуға мүмкіндік береді. Қысқаша айтқанда, мен балаларға музыка үйретемін, олар мені өмірге үйретеді», - дейді Жанар Рамазанова.

Ал жас өнертапқыш Санжар Пернебаев қоқыс жәшіктерінің жүктелу дәрежесін қадағалайтын жүйені ойлап тапқан. Қазір ол ғаламдық жаңалық ашуды армандайды. «Болашақта бүкіл әлемге пайдалы болатын жоба ойлап тапқым келеді. Мен қоғамның дамуына өз үлесімді қосқым келеді және бұның қолымнан келетіндігіне сенемін», - деді Санжар.

Бос уақытының барлығын Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне көмек көрсетуге арнаған Андрей Пархоменко еріктілер ісін әлемге деген жаңа көзқарас деп бағалайды. «Ардагерлерге келіп жай ғана әңгімелесудің өзі, олар үшін өте қымбат. Кейде ардагерлерге азық-түлік әкелген кезде олар бізден: «Ал бүгін қандай мереке?», - деп сұрайды», - дейді ол.

Айнұр Нұрхожаева - церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуді өз өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған дәрігер. Айнұрдың айтуынша, баланың диагнозын ең бірінші рет естіген кезде, ата-ананың қасында ең жақын жанашыр адамы болуы керек. «Мен әрдайым балаларға көмектесуге тырысамын және осы бағытта мүмкіндіктер мен даму жолдарын іздестіремін», - дейді дәрігер.

Бейнероликтегі кейіпкерлер өз ісін сүйетін және таңдаған бағытында нық жүретін шынайы қалпында көрсетілген. Әр оқиғаның артында көмек пен қолдау алған мыңдаған тағдырдың көрінісі бар. Ол - мұғалім мен оқушы, дәрігер мен ата-ана, және біздің қымбатты ардагерлеріміз. Қорытындылай келгенде, бұл кейіпкерлердің мінезін ашатын, олардың мақсатын көрсететін шағын деректі фильм.