Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында «Ауыл шаруашылығы кешеніндегі экономикалық саясатты талдау орталығы» ЖШС директоры Сағынтай Жұмажанов мәлім етті.
Атап айтқанда, Халықаралық астық кеңесінің маусым айындағы есебінде 2012-2013 маркетинг жылында әлемдегі бидай өндірісінің көлемі 665 млн. тоннаға болжанып отыр. Бұл мамыр айындағы болжамнан 6 млн. тоннаға, өткен маусымның деңгейінен 30 млн. тоннаға аз көрсеткіш.
«Әлемдік бидай өндірісінің азаюына басты себеп - құрғақшылық салдарынан Еуроодақ елдеріндегі, Австралия мен Аргентинадағы, Ресейдегі, Украина мен Қазақстандағы бидай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты болып табылады. Мысалы, Ресей ауыл шаруашылығы министрлігінің ағымдағы жылғы жиналатын астық көлемі 85 млн. тоннаны құрайтыны болжанып отыр. Бұл былтырғы деңгейден 10 млн. тоннаға төмен. Биыл Ресей дәнді дақылдарды жинау жұмыстарын мерзімінен 10 күн бұрын бастады. Ал осы кезеңдегі көрсеткішке сүйенсек, дәнді дақылдардың орташа түсімі гектарына 27,2 центнерді құрап отыр. Былтырғы көрсеткіш 48 центнер болған еді», - дейді Сағынтай Жұмажанов.
Бұдан бөлек, Ресейдің астыққа қолайлы болып келетін әсіресе, Оңтүстік және Орталық Федералдық округтерінде құрғақшылық салдарынан туған күйзеліс деңгейі жоғары болып отыр. Екінші жағынан астық жинауға жауын-шашын да кедергі келтіріп келеді. Кубаньдағы, Краснодар өлкесіндегі су тасқындары ауыл шаруашылығы дақылдарының егістерін қатты бүлдіріп, өз залалын да тигізген.
«Украинада астық өндіру көлемі 43-44 млн. тоннаға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл өткен жылдың деңгейінен 10-12 млн. тоннаға немесе 25-30 пайызға дейін төмен көрсеткіш. Қазір Украинда гектарына 28,6 центнер түсіммен 3 млн. тоннаға жуық астық жиналды. Күздік бидайдың түсімі 16,4 центнерді құрайды. Өткен жылы бұл 28,6 центнерден айналған еді», - дейді С. Жұмажанов.
Осыған байланысты әлемдік нарықтағы астық бағасының жоғарылауы байқалған. Мысалы, маусым айының үшінші онкүндігінде Чикагоның тауар биржасында (СВОТ) 1 тонна азықтық бидай бағасы 29 долларға өсіп, 298 долларға жеткен. Ал Париждың тауар биржасында (MATIF) бұл көрсеткіш 304 долларды құрап отыр.
«Қолма-қол сату нарығында маусымның соңғы онкүндігінде 1 тонна америкалық бидай бағасы 24 доларға өсті. Тиісінше еуропа бидайы - 20 долларға, ресейлік бидай - 60 долларға қымбаттады», - дейді С. Жұмажанов.