Әлемдік астық нарығында салмақты орны бар Қазақстан өз жағдайын төмендетуге жол бермеуі тиіс - сенатор Е. Аман

АСТАНА. Қазанның 8-i. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  ‑ Әлемдік астық нарығында салмақты орны бар Қазақстан өз жағдайын төмендетуге жол бермеуі тиіс.

 Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері мен ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов кездесуі барысында сенатор Евгений Аман осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен Үкімет тарапынан атқарылып жатқан агроөнеркәсіп кешенін қолдау шараларына үңіліп шықтым. Қаржылық қолдау бұл секторға айтарлықтай жасалды, материалдық базаны жаңғыртуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға  қатысты жұмыстар да қолға алынып жатыр. Дегенмен, әлемдік экономикада орын алып отырған құбылысқа байланысты дәл уақытында әрекет етуді естен шығарып отырмыз. Сондықтан да, қазіргі күні  Қазақстанның экспорттық әлеуетін құрайтын 10 млн.тонна астықты дұрыс орналастыруды ойластыру қажет. Сонымен бірге, астыққа бағаның құлдырап кетуі мен оған сыртқы елдердің қызығушылығын жоғалту аграрлық сектор үшін айтарлықтай соққы болып, бұл еліміздің банктік жүйесіне, қаржылық институттарына да әсер етуі ықтимал. Бұл жағдайдағы әлемдік сценарий белгілі болғандықтан, Үкімет осы үдеріске араласуға тиіс», деді сенатор.

  Оның айтуынша, Ресейде өткен жылы‑ақ бұл саладағы жағдай бағаланып, айтарлықтай астық сатып алынған әрі сол астық толығымен сақтандыру қорына құйылған. Ал Қазақстан Үкіметі биыл сондай қорға 3 млн. тоннаға жуық астық сатып алғалы отыр. Дегенмен де Е. Аман бұл шараның коммерциялық сипат алып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Оның пайымдауынша, бұндай қадам тұрақтандырғыш  әсер қалыптастыра алмайды. «Біз елдегі аграрлық сектор мен астық мәселесін, қазіргі жағдайда не атқару қажеттігін түбегейлі талқылауымыз керек. Мамандар тіпті Қазақстанның астығын өткізуге орай ең нашар сценарийді болжап отыр. Жалпы, әлемдік астық экспортында салмақты орны бар Қазақстан өз жағдайын төмендетпеуі тиіс. Әрине, еліміздің астық порттары терминалынан қашықта жатқаны да Қазақстанның астық жағдайына әсер етуі мүмкін. Сондықтан да, қазір алдыңғы орында болғанымызбен сыртқа астықты экспорттауда соңғы орынға ысырылып қалуымыз мүмкін. Сол үшін бұл проблеманы Үкіметтің    алдына күн тәртібі ретінде қоюға мүдделіміз», деді Е. Аман.