Әлемдік бәсекеге қабілеттілікті зерттеу жөніндегі орталықтың рейтингісінде Қазақстан 36-шы орында

None
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Халықаралық менеджментті дамыту институтының әлемдік бәсекеге қабілеттілікті зерттеу жөніндегі орталығы (IMD, Швейцария) әлемнің бәсекеге қабілетті 57 елінің «Әлемдік бәсекеге қабілеттілік жылнамасы-2009» атты салыстырмалы нәтижелерін жариялады.
Орталықтың аталған шара бойынша қорытындысын бүгін Астанада Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің жауапты хатшысы Дина Шәженова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, Қазақстан аталған рейтингке екінші рет қатысып отыр. Жарияланған нәтижелер бойынша еліміз 36-шы орынға ие болды. «Өткен жылы рейтингке қатысқан 56 мемлекеттің ішінде Қазақстан 39-шы орынға тұрақтаған болатын. Бұл рейтингте IMD әдістемесіне сәйкес АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия, Франция, Швейцария, Оңтүстік Корея секілді дамыған елдер бар. Ал ТМД мемлекеттері арасында осы шараға Қазақстан, Ресей, Украина қатысты. Биылғы жылғы рейтингте Қазақстан Болгария, Испания, Бразилия, Ресей, Грекия елдерінің алдына шықты»,-деді Д. Шәженова. Оның сөзіне қарағанда, осы швейцариялық белгілі ғылыми ұйым бұндай рейтингті 21 жыл бойы жариялап келеді. «Биылғы жылы сарапшылар бәсекеге қабілеттіліктің деңгейін 329 көрсеткіш бойынша бағалады. Онда «Экономиканың жағдайы», «Үкіметтің тиімділігі», «Бизнестің тиімділігі», «Инфрақұрылым» көрсеткіштері сипатталды. Сондай-ақ рейтингті есептеу барысында БҰҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Халықаралық еңбек ұйымы, Дүниежүзілік банк және басқа да белгілі ұйымдардың мәліметтері пайдаланылды»,- деді Д. Шәженова.