Әлемдік брендтің жасанды аяқ киімдерін Қазақстанға әкелуге тосқауыл қойылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері Алматы халықаралық әуежайында тауарларды кедендік тексеруден өткізу барысында зияткерлік меншік құқығының бұзылу дерегін анықтады. Яғни, сыртқы экономикалық қызметпен айналысушы кәсіпкер тауарларды Қазақстанға зияткерлік меншік құқығын бұза отырып әкелген. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Тауарлар бойынша ұсынылған декларацияға сәйкес, Қазақстан Республикасына әкелуге арналған мәлімдемеде моделі мен өлшемдері әрқалай «аяқ киім, сандал (сүйретпе)» деп көрсетілген. Ал тауарларды жөнелтуші ел - Түркия. Алайда, жалпы салмағы 2 тоннаға жуық болатын, «ADIDAS» және «REEBOK» тауар белгілері жазылған спорттық аяқ-киімдер Қазақстанға құқық иесі тарапынан берілетін тиісті құжаттарсыз жеткізілген.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай тауарларды шығару 10 жұмыс күніне дейін тоқтатылады. Егер де әлемдік брендтердің ресми өкілдері тауарлардың Қазақстанға әкелінуіне рұқсат берілгендігін растамаса, онда ұсталған тауарлар сот шешімімен тәркіленеді.

Одан басқа, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 535-бабына сәйкес, зияткерлік меншік құқығын бұзу дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті зияткерлік меншік құқығының сақталуын қамтамасыз ету бойынша тұрақты негізде жұмыстар атқарып жатыр. Алматыда жыл басынан бері зияткерлік меншік құқығының бұзылғандығы жөнінде 8 дерек анықталды. Құқық бұзушылық әрекетке барғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.