Оның жұмысына 300-ге тарта қазақстандық ғалымдармен қатар, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Германия, Аргентина, Испания және Оңтүстік Корея университеттерінен ғалымдар қатысуда. Энергетика, шикізатты өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық технология, білім беру салалары бойынша стратегиялық серіктестікті орнатуға бағытталған шараны ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Британ Кеңесі (British Council) ұйымдастырып отыр.
«Қазақстан жоғары білім мен ғылымды дамытудың өте ауқымды әрі керемет ұлттық жоспарын жасақтады. Бұл британдық ғалымдар үшін үлкен жаңалық болды. Аталмыш жоспар ғылым, білім беру жүйесі және өндіріс, яғни белгілі бір өнеркәсіптік сала арасында өте тығыз қарым-қатынастар орнатады. Британдық Кеңес Қазақстанның бұл бағыттағы қадамына қолдау көрсетуге тырысуда. Біз Қазақстан мен Ұлыбритания университеттері, ғылыми ортасы, ғалымдары арасындағы тығыз қарым-қатынастарды орнатуға және күшейтуге мүдделіміз. Кеңес Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін дамытудың ғылыми, озық идеяларын қолдағысы келеді», - деді Қазақстандағы Британ Кеңесінің директоры Саймон Уильямс.
Оның атап өткеніндей, Британ Кеңесінің қолдауымен қазіргі уақытта Қазақстанның 16 жоғары оқу орны Ұлыбританияның ең үздік университеттерімен әріптестік орнатып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр.
Екі күндік конференция қорытындысында Қазақстан мен Ұлыбритания ғалымдары және университеттері әріптестік байланыстарын орнатпақ. Соның негізінде екі ел ғалымдары бірлескен жобаларды іске асыруды көздеуде. Шара барысында түрлі сала бойынша семинарлар өткізіледі. Сонымен қатар қазақстандық оқушылар мен оқытушылар үшін британдық ЖОО-лардың ресми көрмесі өтеді деп күтілуде.