Әлемдік державалар әзірге Қырғызстандағы жағдайға араласпай тұра-тұрғандары дұрыс

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «АҚШ-қа немесе өзге де әлемдік державаларға Қырғызстандағы жағдайға араласып, онда өздерінің әскерлерін кіргізуінің қажеті жоқ»,

деп мәлімдеді бүгін АҚШ-тың Қауіпсіздік кеңесі жанындағы «Кисинджер Ассошиейтед» ғылыми-зерттеу орталығының аға директоры Томас Грэхем. Бұл туралы ол бүгін Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқыған дәрісі кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның пікірінше, бүгінде Қырғызстан аймағындағы жағдай өзгелердің араласуын қажет етіп отырған жоқ. «Өзге мемлекеттерге қазір қырғыз еліндегі жағдайды реттеу үшін барынша дипломатиялық құралдардың көмегіне жүгінген жөн. Бұл ретте, әрине жағдайды тұрақтандыру басты мәселе болуы тиіс. Бұны Қырғызстанның билік басында отырғандар да құптайды. Елдегі жағдайды тұрақтандыруға онымен көршілес отырған ықпалды мемлекеттердің де күш салғандары дұрыс. Ал ірі державалар бұл іске мүмкіндігінше ең соңында араласулары керек», деді орталық директоры.