Әлемдік діндер көшбасшылары съезінің тұғырнамасы мұсылман елдерінің бірлігін сақтайтын шара ретінде қолданылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік діндер көшбасшылары съезінің тұғырнамасы мұсылман елдерінің бірлігін сақтайтын шара ретінде қолданылады.

Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге ресми сапармен келген Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисимен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдемеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің тұғырнамасын мұсылман елдерінің бірлігін сақтайтын, дініміздің толераттылығы мен бейбітшілік сүйгіштігін көрсететін шара ретінде қолдануға уағдаластық»,-  деді ҚР Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаһандық ядролық қару-жарақты таратпау, ядролық қарудан ада аймақтар құру маңыздылығы жөнінде де пікір алмасылғанын баса айтты.

«Бүгін біз Қазақстан-Мысыр қарым-қатынастарының жаңа кезеңінің басталғанына куә болып отырмыз. Жоғары мәртебелі Әбдел Фаттах Ас-Сисидің Қазақстанға алғашқы ресми сапары ынтымақтастыққа тың серпін береріне сенімдімін. Бүгін айқындалған өзара іс-қимыл бағыттары елдеріміз арасындағы байланысты одан ары нығайтып, халықтарымыздың игілігін еселей түседі деп сенемін»,-  деді Елбасы.