Әлемдік доп додасы: кімнің бағы жанып, кімнің сағы сынады?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилияның Сан-Паулу қаласында 12 маусым күні басталған футболдан Әлем чемпионатының аяқталуына санаулы күндер ғана қалды. Біріншіліктің түндігі түрілгелі де бүгін тұп-тура 25 күн болыпты. Енді 8 күннен кейін, осымен 20-шы рет жалауы желбіреген аладоп додасы өз мәресіне жетеді. Қазірге дейін ширек финалдың ойындары толығымен аяқталды. Кеше түнде жартылай финалға шыққан Бразилия мен Германияның қатарын Аргентина және Нидерланды құрамалары толықтырды.

Месси бастаған жігіттер топтық кезеңде тоғыз ұпай жинап, жүз пайыздық көрсеткіш көрсеткен болатын. Плей-оффта Швейцарияны соңғы минутта әрең ұтып еді. Ал кеше Бельгиямен болған матчта да Игуаинның соққан жалғыз голы Сабелья шәкірттеріне жеңіс әкелді. Жарысты осы жерде аяқтаған Бельгия құрамасына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. «Қызыл сойқандар» әлемдік мундиальға араға 12 жыл салып қатысты. Сондықтан бұл аз жетістік емес. Азар, Лукаку бастаған жігіттер алдағы додаларда бұдан да жоғары нәтиже көрсетуі тиіс. Сонымен қатар жарақаттар легі толастамай тұр. Бразилия мен Колумбия ойынында алаң иелерінің басты жұлдызы Неймар жарақат алып, жарысты жалғастыра алмаған. Енді, міне, Аргентина сапынан «Реал» командасының жартылай қорғаушысы Анхель Ди Мария да бірінші таймның орта тұсында өзінің орнын әріптесі Энцо Переске тастап кетті. Қақпаларына жылдам гол жіберіп алған Бельгия есепті теңестіруге тырысып бақты. Бірақ, оңтүстікамерикалықтардың қорғанысын бұзып жарып өте алмады.

Ал Нидерланды мен Коста-Рика кездесуі 120 минутқа созылды. Осыған дейін бес матчта 24 гол соғылған «Фонте-Нова» стадионынан осы жолы гол көре алмадық. Бұл да өзінше қызық статистика.

Чемпионат басталғалы сенсацияға толы болған Коста-Рика ертегісі аяқталды. Дегенмен олар жанкүйерлерінің алдында бастарын тік көтеріп баратын болды. Бразилия жерінде бес матч өткізіп, соның екеуін қосымша экстра-таймға дейін жеткізді. «Тикос» (құраманың лақап аты) Голландияның жұлдызды шабуылшыларын аттап бастырмады. Касильястың иелегін бес рет көздеген Роббен мен Перси бастаған шабуылшылар Кейлор Навастан айласын асыра алмай пұшайман болды. Жалпы, Навас биылғы біріншілікте бес кездесу өткізіп, бар-жоғы екі гол ғана жіберді.

Нидерланды құрамасының бас бапкері Луи ван Гал өзінің керемет тактик екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. 120 минут бойы гол соғылмаған соң, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Дәл осы пенальтиді қайтару үшін Яспер Силлессеннің орнына Тим Крул шықты. Бапкер түйсігі алдамапты. Крул бес соққының екеуін қайтарып, құрамасын жартылай финалға алып шықты. Қақпашыдан айласын асыра алмаған костарикалық Брайан Руис пен Майкл Уманья болды. Голландия сапынан жұлдыздардың барлығы дерлік мергендік танытты. Олар: Ван Перси, Арьен Роббен, Уэсли Снейдер және Дирк Кейт.

Енді жартылай финалдың ойындары 9-10 шілдеге жоспарланған. Алғашқы жұп Бразилия - Германия кездесуі Белу-Оризонти қаласында өтеді. Екінші жұпта Аргентина мен Голландия сынға түседі. Олар Сан-Паулу қаласында финалға кімнің лайық екенін анықтайды.

Мергендер көшін әзірге Колумбия құрамасының футболшысы Хамес Родригес бастап тұр. Оның еншісінде алты доп бар. Хаместі қуып жетуге екі футболшының мүмкіндігі бар. Олар - Германия құрамасынан Томас Мюлллер және аргентиналық Лионель Месси.

***

Жалпы, биылғы әлем чемпионаты көптеген тосын оқиғалармен есте қалары даусыз. Биыл нағыз сенсацияға толы бі¬рін¬шілік болды. Сонымен қатар бірқатар рекордтық көрсеткіштер де орын алды. Енді осы жайында аздап тоқталып өтсек.

Биыл Әлем чемпионатына жалпы 32 команда қа¬тыс¬ты. Тарқатып айтсақ, Еуропаның - 13, Оңтүстік Американың - 6, Африканың - 5, Солтүстік Америка және Азия мен Мұ¬хиттар аймағынан 4 команда жарыс жолына аттанған болатын. Осылардың арасында азия-лықтардың бірде-біреуі плей-офф додасына жолдама ала алмады. Азиялықтарға қара¬ған¬да Африка елдерінің командалары біршама тәуір өнер көрсетті. Қара құрлықтан келген Нигерия мен Алжир 1/8 финалға дейін шықты. Екеуі де азулы қарсы¬ластарға жолыққанымен, оларға қасқайып қарсы тұра білді. Нигерия Франциямен тере¬зесі тең өнер көрсетіп, соңғы 10-15 ми¬нут¬та есе жіберді. Алжир Германияға тойта¬рыс беріп, тек қосымша уақытта ұтылды.

Солтүстік Американың үш командасы плей-офф кезеңіне шықты. Мексика мен АҚШ 1/8 финалда сүрінсе, Коста-Рика ширек финалға дейін жетті.

Оңтүстік Америка өкілдері арасынан бес команда 1/8 финалға дейін қиналмай жетті. Бұл туралы тізе берсек, айтылар әңгіме өте көп. Биылғы біріншілікте топтық кезеңнің өзінде бірқатар аты аңызға айналған ал¬пауыт командалар жеңілістің кермек дәмін татып, жарысты ерте аяқтады. Атап айтсақ, әлемнің 4 дүркін чемпионы Италия мен 1966 жылғы әлем чемпионы Англия құ¬ра¬маларын ешкім оңай шағылатын жаңғақ деп ойлаған жоқ. Екеуі де жарысты ерте аяқтады. «D» тобында сынға түскен Апеннин түбегінің түлектері үш ұпайға ғана қол жеткізсе, Тұманды Альбион елінің өкілдері бар-жоғы бір ұпайды қанағат тұтты.

Испания футболшылары да алысқа шаба алған жоқ. Олар 2010 жылғы әлем чемпионатында, 2008 және 2012 жылдары Еуропа біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені еншілеген болатын. Өкінішке қарай, Пиреней түбегінің тас түлектерінің басына Бразилияда қара бұлт үйірілді. Олар өз тобында Голландиядан 1:5 есебімен ойсырай ұтылса, Чилиге 0:2 есебімен есе жіберді. Сондай-ақ құрамында Криш¬тиану Роналду сынды әлемнің ең үздік футболшысы бар Португалия құрамасы да топтық тур¬нирден ары аса алмады. Олар Герма¬ниядан ұтылды, АҚШ-пен тең түсті және Гананы ұтты. Доп айырмашылығы жағы¬нан Паулу Бенту шәкірттері амери-калықтарға жол берді. Міне, осындай қызықтарға толы біріншіліктің аяқталуына аз ғана уақыт қалды.

Бразилиядағы доп додасы осы күні күллі әлемнің назарында. Бұл күндері жарыстың насихаты да, қызығы мен шыжығы да асып-тасып отыр. 20 мыңнан астам журналист 10 мыңдай ерікті, жалпы саны 4 миллионға жетеқабыл жанкүйерлер барлығы да Бразилияның 12 қаласында үлкен тойдың ортасында бәсекенің көрігімен бірге қызып, біте қайнасып жатыр.

Әлем чемпионатында топ жарған құрамаға 35 миллион доллар бұйырады. Екінші орын алған команда 25 миллион алса, үздік үштіктің қатарынан көрінген ұжым 22 миллион доллар алады. Биыл кімнің бағы жанып тұр? Қай команда теңдессіз атанады? Ол туралы алдын ала болжам жасамай тұра тұрайық. Нағыз мықтыны алдағы уақыт көрсете жатар. Ол күндер де аз қалды.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылғы мундиальдің матчтары Бразилияның 12 қаласында: Рио-де-Жанейро, Ресифи, Салвадор, Сан-Паулу, Порту-Алегри, Манаус, Форталеза, Натал, Белу-Оризонти, Бразилиа, Куяба, Куритиба стадиондарында өтіп жатыр.

Күнсұлтан Отарбай