Швейцарияның көлемі жағынан екінші "Креди Сюисс" банкі осындай болжам жасады, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
«Инфрақұрылым саласындағы алып жобаларды жүзеге асырудың онжылдығынан кейін Қытай ішкі тұтыну нарығын дамытуға көшті, бұл оның шикізатқа деген сұранысын едәуір азайтады, деп атап өтеді "Креди Сюисс" талдамашылары. - Біздің есептеріміз ҚХР ІЖӨ өсуінің әрбір жаңа пайызында табиғи тауарларды тұтынуды қысқарту үдерісі басталғанын көрсетеді».
Швейцар банкінің пікірінше, Қытай экономикасында ұлттық инфрақұрылымға, тұрғын үй құрылысына, экспорттың өсуіне инвестициялардың «алтын ғасыры өтті». Ол сондай-ақ ҚХР экономикасын ынталандырудың мемлекеттік саясаты да өзінің «шарықтау шегіне жетті» деп санайды.
«Біздің болжамымызша, таяудағы онжылдықта Қытай экономикасы өсуінің қарқыны бұдан бұрынғы он жылдағы 10,7 пайызбен салыстырғанда, ІЖӨ-нің 7-8 пайызы деңгейінде болады», - делінген баяндамада.
Дегенмен "Креди Сюисс"-тің пікірінше, Қытайда урбанизация - қалаларды дамыту, сондай-ақ күрделі құрылыс, ең алдымен, тұрғын үйлер құрылысы кеңінен жалғасады. Алайда үкіметтің алдағы жылдардағы негізгі күш-жігері ішкі тұтыну нарығын дамытуға шоғырланады.