Әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан экономикасында өсімінің үрдісі сақталуда - апталық шолу
Сондықтан да, Елбасы жиын барысында 9 айдың қорытындысына мән бере отырып, жетістіктерге ризашылық білдірді, жүйелі орын алып келе жатқан кемшіліктерді жоюдың пәрменін де назардан тыс қалдырмады. Жиын барысында басты баяндаманы Үкімет басшысы Серік Ахметов жасаса, индустрияландыру бағдарламасының орындалу барысы туралы Вице-Премьер-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, ал экономика мен өңірлер дамуы жөнінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев баяндаған болатын.
«Ағымдағы жылдың 9 айындағы өз жұмысында Үкімет Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыруға басымдық берді. Бірінші кезекте экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету мен жаңа жұмыс орындарын ашуға айрықша назар аударылды. Сіздің тапсырмаңыз бойынша дағдарысқа қарсы дер кезінде қабылданған шаралар нәтижесінде еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуындағы оң үрдіс сақталуда», - деді Серік Ахметов. Үкімет басшысының айтуынша, ағымдағы жылы атқарушы билік Еуропалық одақтағы экономикалық рецессиямен байланысты, АҚШ-тағы фискалды құлдырау тәуекелдеріне, сонымен қатар Қытай мен Ресей экономикасының баяулауы аясындағы жалғасып келе жатқан әлемдік экономикадағы тұрақсыздық жағдайында жұмыс істеді. Осының бәрі Қазақстан экономикасына әсерін тигізіп келеді. «Мұндай жағдайда Сіз жүктеген міндеттерді тиімді атқару үшін Үкімет негізгі бес бағытты қаперде ұстады. Олардың біріншісі - экономиканы әртараптандыру арқылы орнықты әрі ұзақмерзімді экономикалық өсімді сақтау. Ағымдағы жылы мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жалғасты. Индустрияландыру картасы аясында бірінші жартыжылдықта 34 жоба іске қосылды. Ондағы инвестиция 72 млрд. теңгені құрап, 2300 шамасында тұрақты жұмыс орындары құрылды», - деді С. Ахметов.
Бұдан бөлек, ағымдағы жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасқан. Жыл басынан бері 752 жоба мақұлданып, 40 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Үкімет басшысының айтуынша, бизнеске қатысты рұқсат беру жүйесін жетілдіру жұмыстары да белсенді жүзеге асуда. Атап айтқанда, бүгінгі күні бизнеске қатысты барлық лицензияларды беру автоматтандырылған жүйеге көшсе, келесі жылдан бастап рұқсаттың барлық түрі осындай жүйемен жұмыс жасайтын болады. «Үкімет ірі ауқымдағы инфрақұрылымдарды жүзеге асыру жобаларын жалғастырып келеді. «Жезқазған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбаркөл» жаңа теміржол желілерін салу да белсенді түрде жалғасуда. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің құрылысы жүріп жатыр. Ағымдағы жылы мұның қосымша 806 шақырымын ашу көзделіп отыр. «Астана-Қарағанды- Алматы», «Астана-Павлодар-Өскемен», «Астана-Ақтау» және «Алматы-Өскемен» автожолдарының құрылыстарын салу басталды. Халықаралық Ақтау теңіз портын кеңейту жұмыстары да жүзеге асуда», - деді Үкімет басшысы. Бұдан бөлек, Үкімет ағымдағы жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Бірыңғай астық холдингі құрылған. Нақты көрсеткіштерге келсек, өткен 9 айда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң үрдістер байқалады. Алдын ала бағалау бойынша ІЖӨ 5,7 пайызға өскен. Үкімет басшысы жыл соңына дейін мұның 6 пайызға баратынын сенімді түрде мәлімдеді. Инфляция 5,4 пайыз дәлізінен шықпаса, негізгі капиталға инвестиция 7,9 пайызға артып, еліміздің халықаралық резерві 90 миллиард доллардан асқан. Ахметов Үкіметі жұмыссыздықты 5,2 пайыз деңгейінде ауыздықтаған. Ал 8 айда халықтың жан басына шаққандағы табысы 9,2 пайызға артқан. «Үкімет Сіздің тапсырмаларыңызды белсенді жүзеге асыра беретін болады. Жыл соңына дейін Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасы әзірленеді. Индустриялық дамудың екінші кезеңін сапалы жүзеге асырудың бағдарламасын да Сізге ұсынамыз», - деді Үкімет басшысы Серік Ахметов. Премьер баяндамасын Президент те құптады, ілгерілеушілікпен келісетінін де Елбасы айтты. «Дүниежүзінде қуантарлықтай экономиканың өсімі орын алып отырған жоқ. Оның барлығы бізге ықпалын тигізеді. Дегенмен, осы жағдайда Қазақстанның жалпы барысы, экономикасы бірқалыпты жаман емес деп айтуға болады. Қиындық Еуропада, АҚШ-та да басқа да елдерде бар. Бірақ соған қарамай, оны айта бермей, өз шаруамызды тындыруымыз керек. Дегенмен, мынадай аласапыран заманда алдымызға қойылған үлкен мақсаттарды жүзеге асыруда кемшіліктердің орын алып отырғандығын да жасыруға болмайды», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
9 айда ІЖӨ 5,7 пайызды құрады
Алқалы жиында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев ел дамуының басты көрсеткіштеріне тоқталған болатын. Министр де өз сөзінде әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан экономикасында өсімінің үрдісі сақталып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, алдын ала есептеулер бойынша биылғы 9 айда ІЖӨ өсімі 5,7 пайызды құраған. Сыртқы факторлардың нашарлауы жағдайында еліміздің экономикалық өсімі қамтамасыз етіліп, бұл бірінші кезекте ішкі көздердің есебінен орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда ел ішінде инвестициялық белсенділік жандана түсті. Биылғы 9 айда негізгі капиталдағы инвестиция 7,9 пайызға артты. Бұл көрсеткіш 2009 жылғы дағдарыстан кейінгі ең жоғары өсім болып табылады. Үй шаруашылықтары тарапынан тұтыну көлемінің өсімі байқалып отыр. «Жалпы, 9 айда қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өсімнің төмен қарқыны металлургиялық өнеркәсіп өндірісі көлемінің 5,1 пайызға төмендеуіне байланысты болды. Оның үлесі салада 36,4 пайыздан асып отыр. Мұның ішінде 9 айда қара металлургияның өндірісі 14 пайызға қысқарды.
«Есепті кезеңде әлемдік экономиканың баяу қалыпқа келуі байқалды. Биылғы бірінші жартыжылдықта АҚШ-тың ішкі жалпы өнімінің өсімі орташа алғанда 1,5 пайызды құрады. Қазақстан экспортының 50 пайызы тиесілі Еуроаймақ экономикасының өсімі биылғы жылдың екінші тоқсанында 0,5 пайызды құрады», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, Қытай экономикасының өсімі 7,5 пайыздық жоғары деңгейде болғанымен, бұл бұрын болжанған деңгейден төмендеді. Сонымен қатар Ресейдің де экономикасы тежелгені байқалады. Соңғы үрдістерге байланысты қазан айында халықаралық валюта қоры әлемдік экономиканың өсімі бойынша болжамды 3,3 пайыздан 2,9 пайызға дейін төмендеткен.
Қазақстан дағдарыс кезеңінде индустрияландыру бағдарламасын дөп басты
Сонымен бірге, жиын барысында Вице-премьер-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев индустрияландыру саясатының жүзеге асуы жайында баяндама жасаған еді. Министрдің сөзіне қарағанда, елімізде өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2009 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артқан. Ал 2015 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,5 есе өсетіндігі жоспарланып отыр. «Нұрсұлтан Әбішұлы, осы аралықта өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі Ресейге қарағанда екі есеге, Украинаға қарағанда 5 есе жылдам өсіп, бір жұмысшыға шаққанда 37 мың АҚШ долларынан 62 мың долларға дейін артқандығын атап өткім келеді», - деді министр Ә. Исекешев. Баяндама барысында Елбасы Үкіметтің жетістіктеріне ден қойғанымен, кейбір жағдайлар бойынша «кері кетулердің» болып отырғанын да баса айтты. «Жоғары нәтижелі, инновациялық кәсіпорындар салу керек. Міне, осы бағыт бойынша Үкімет жұмыла жұмыс істеу керек. Біреулер индустрияландыру Исекешовтің ғана жұмысы деп ойлап қалды-ау деймін. Жоқ, бұл жалпы Үкіметтің және ауыл әкімдерімен қоса барлық әкімнің жұмысы. Мен жылдың ортасында қорытынды жасауға талап етуді қойып едім, бірден белсенділіктерің бәсеңдеп қалды. Естеріңде болсын - талап алда да қатаң болады!», - деді Мемлекет басшысы. «Жалпы, индустрияландыру бағдарламасын біз дөп бастық - бұған балама да жоқ. Дағдарыстың ушыққан кезіне қарамастан біздің қадамымыз сәтті болды. Бізден кейін АҚШ, Түркия секілді алып елдер де индустрияландыру бағдарламасын жасай бастады. Нәтижесінде машинақұрылысындағы өнім ауқымы 4 есеге артты, өңдеуші өнеркәсіп те қарқын ала бастады. Индустрияландырудың 600-ден аса нысанын іске қостық. Ал ендігі міндет - индустрияландырудың келесі бесжылдығына сапалы секіріс жасау», - деді Елбасы Н. Назарбаев.
Бірқатар мемлекеттік орган басшылары сын естіді
Негізгі баяндамаларды тыңдағаннан кейін Елбасы жиынды қорытындылап, ел дамуының ендігі межесіне де назар аударған. Бұдан бөлек, Президент Н. Назарбаев жүйелі түрде орын алып отырған бірқатар мәселелерді сынға алды. Мәселен, Н. Назарбаев бюджеттің толық емес әрі сапасыз игерілуі айтарлықтай проблемаға, тіпті соңғы уақытта үйреншікті бір нормаға айналып отырғанын атап өтті. «Алдын ала болжам бойынша қазіргі игерілмеген қаржы көлемі 170 млрд теңгеге жетіп жығылады. Бұндай қаражатты тесіктерді бітеу үшін жұмсаудың қажеті жоқ, оны кейінге қалдырылмайтын мұқтаждыққа жұмсау керек, тіпті бұл қаржы жергілікті жерлерде игеріліп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетілгені дұрыс болар еді. Алайда бұл жасалмаса, онда қаржы қайтарып алынады»,- деді Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, Елбасы жол салуда жаңа технология әлі қолданылмай келгенін де сын тезіне салды. «Жақында Ресейдегі Қазан-Мәскеу күре жолы темірбетонды жабынның жаңа технологиясын қолдану арқылы салынып жатқанын білдім. Салу мерзімі бар-жоғы екі жылды құраса, құны үш есеге дейін арзандапты. Ал бізде ше? Кеше салынған жолды бүгін жамап жатырмыз. Басқасын айтпағанда, Астананың көрген күні осы. Нәтижесінде, жол сапасы жөніндегі әлемдік рейтингте 140 елдің ішінде 117-орында тұрмыз. Міне, бізге берілген баға», - деді Елбасы. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан шаралар да Елбасының сынына ілікті. «Менің тапсырмама сәйкес ет пен ет өнімдерін экспортқа бағыттау бойынша кешенді бағдарлама әзірленді. 2016 жылға қарай ет экспорты 60 мың тонна болуы керек еді, бұған Ұлттық қордан 120 миллиард теңге бөлінді. Ал қазір не болып жатыр? Ағымдағы жылдың 7 айында бірде-бір ет экспортталған жоқ. Тек Ресейдің өзі бізден мың тоннаға жуық ет алуы керек еді. Есесіне біздің сөрелерді беларус еті жаулап алды», - деді Н. Назарбаев. Мемлекет басшысы бұл ретте беларус елінде ауыл шаруашылығы өнімін субсидиялау 18 пайыз, ал Қазақстанда 4-5 пайыз ғана құрап отырғанын атап өтті. Сосын Президент Кедендік одақтағы бірыңғай қызметте ондай алшақтық болмауы керектігін алға тартты.