Әлемдік ЕМС корпорациясы Алматыда өкілдігін ашты

АЛМАТЫ. Маусымның 26-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда әлемдік ЕМС корпорациясының өкілдігі ашылды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында корпорацияның өкілдері мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Қазақстанда өз бизнесімізді кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұған қазіргі елдегі жағдай да, мемлекеттік саясат та, нарықтағы ахуал да мүмкіндік береді», - дейді әлемдік корпорацияның ТМД елдері бойынша сату жөніндегі директоры Михаил Саркисов.

ЕМС  (NYSE: EMC)  ақпараттық инфрақұрылымдар үшін технологиялар мен шешімдерді шығарушы ең ірі компаниялардың бірі болып табылады.

 Корпорацияның Қазақстан бойынша сату менеджері Александр Емельяновтың айтуынша корпорация Қазақстандағы компаниялар мен мемлекеттік құрылымдар үшін ақпараттық шешімдердің кез келген түрін ұсына алады. Ал  Қазақстанда өкілдігін ашуына елдің даму бағыты мен интернет, ақпараттық технологияларды мемлекеттің қолдау саясатының артып отырғандығы, нарықта бәсекелестіктің аздығы ықпал еткен.