Әлемдік франчайзинг нарығының жылдық айналымы 3 триллион долларды құрайды - Бекнұр Қисықов

None
АЛМАТЫ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Енді франчайзинг үшін адамдар АҚШ пен Еуропа елдеріне емес, Үндістанға баратын болады.

Бұл бүгін Алматыда өткен «Қазақстандағы франчайзингтің 2012 жылғы дамуын моделдеу» деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды.

"Франчайзинг королі саналатын АҚШ-та қазір кері кету үдерісі жүріп жатыр. Дағдарыстың нәтижесінде ол барлық салада 5-7 пайызға дейін кемуде. Әлемдік франчайзинг нарығының айналымы 3 триллион доллар болса, оның 2 триллионы АҚШ-тың үлесінде. Әлемдік брендтердің 80-85 пайызы АҚШ-та. Америка франчайзингке лық толды. Сондықтан бүгінгі таңда франчайзинг Қытай, Индонезия, Малайзия мен Қиыр Шығыстың есебінен қарқынды өсуде", дейді Орталық Азия франчайзинг ұйымының президенті Бектұр Қисықов. Оның айтуынша, қазіргі кезде Үндістан әлемдік брендтердің негізгі тасымалдаушысы болып отыр. Англияның отары болған бұл елде ағылшын тілінде сөйлейтіндердің үлесі әлемде ең жоғары деп саналады. Үндістан түрлі франчайзингтік технологияларды өңдеуге және енгізуге өте қолайлы. Қытаймен салыстырғанда оның экономикасы барынша ашық. Бизнесті жүргізу жағынан Үндістан АҚШ-пен бір деңгейде тұр. Ал Қытай әлемдік брендтерді тасымалдауда 2-ші орында келеді. 1,5 миллиард адамдық тұтыну нарығы бар бұл ел қазір франчайзинг сатуды белсенді жүргізуде. Еуропаға киім-кешек, косметика сияқты 40-50 желіде қытайлық брендтер көптеп жеткізіліп жатыр.