Әлемдік Гран-при: Е.Жұмақанов алтыннан алқа тақты

АСТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматы қаласында өтіп жатқан дзюдодан әлемдік Гран-приде қазақстандық спортшы Елдос Жұмақанов алтыннан алқа тақты.

Финалда ол беларус Дмитрий Шершанмен кездесті. Белдесу кезінде Е.Жұмақанов ұпай саны жағынан ұтылды. Алайда оның қарсыласы сылбыр қимылдағаны үшін соңғы секундттарда төртінші ескерту алғаннан кейін қазақстандық спортшы жеңімпаз деп танылды. «Бұл қарсыласымды жақсы білемін. Оқу-жаттығу жиындарында талай рет кездестік. Мен оны жеңіп жүрдім. Содан болар, осы жолғы белдесуде сәл босаңсып, басында қателік жіберіп қойдым. Сосын іштей жиналып, барымды салдым. Жанкүйерлердің қолдауымен намысты қолдан бермеуге тырыстым», - деді Е.Жұмақанов «KAZsport» телеарнасына берген сұхбатында.

Айта кетейік, 66 салмақ дәрежесінде Елдос Жұмақанов алтыннан алқа тақса, Қазақстанның тағы бір спортшысы Бақдәулет Сәбитов қола жүлдеге ие болды.