Әлемдік нарыққа қол жеткізу үшін Қазақстанның көліктік инфрақұрылымы қаралады - VI АЭФ

АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - 22 мамыр күні Тәуелсіздік сарайында VI Астана Экономикалық форумы аясында «Әлемдік нарыққа қол жеткізу үшін Қазақстанның көліктік инфрақұрылымы мен транскаспий бағыттарын дамыту» тақырыбында панельдік сессия өтеді.

Панельдік сессия қатысушылары автомобиль және темір жолдарын дамыту, көліктік инфрақұрылым саласында концессиялық жобаларды жүзеге асыру тетіктері мен инвестиция тарту мәселелерін талқыға салады. Сондай-ақ, Қазақстанның азаматтық авиациясы мен су көлігі саласын дамыту, республиканың логистикалық және транзиттік даму мүмкіндіктері сөз болады.

«Сессия жұмысына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев, БҰҰ-ның Еуропа елдері бойынша экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Свен Алкалай, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Халил Акынджы, «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ-ның президенті Асқар Мамин және саланың басқа да өкілдері қатысады»,-делінген ҚР ККМ баспасөз қызметінің хабарламасында.