Әлемдік ықпалдастық жолында аймақтық көзқарас жақсы баламаға айналуы тиіс - Нобель сыйлығының лауреаты Роберт А.Манделл

АНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Карина Ворку/ - Аса көрнекті ғалымдар мен халықаралық қоғамдастықтың қайраткерлері үшін Астана экономикалық екінші форумы өзіндік пікірсайыс алаңына айналды. ҚазАқпарат тілшісінің сауалдарына АҚШ, Колумбия Университетінің экономика профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Роберт А.Манделл жауап береді.

Роберт Манделл 1999 жылы Германияның Киель қаласындағы Әлемдік экономика институтында жүргенде, біртұтас валюта әрекетінің оңтайлы аумағын, алтын қоры стандартын жасағаны үшін және еуроны дамытуға қосқан үлесіне орай атағы шықты. Ол, сондай-ақ әлемдік экономиканы дамытуға қосқан үлесі үшін халықаралық ең беделді атаққа және дон Карло Юго ди Борбон Парма омырауына таққан Cavaliere di Gran Croce del Reale Ordine del Merito sotto il Titolo di San Ludovico орденіне ие болды.

- Профессор Манделл, Сіздің ойыңызша Екінші экономикалық форумның негізгі міндеті қандай?


- Бұл Форумның негізгі міндеті - Орталық Азия аймақтары мен ТМД және бүкіл әлемде болып жатқан саяси және әлеуметтік үдерістердің шешіміне жол сілтейтін Қазақстандық баламадағы өзіндік жолдау саналуы. Тұтастай алғанда, мұнда идеялар талқыланды және әлемдік экономика саласына сараптамалық бағалар берілді. Оның үстіне, дағдарысты еңсеру үшін баламалы идеяларды жасау және оны бағалау жөнінде белсенді жұмыс жасап жатқан Қазақстан үкіметінің саясаты, әлеуметтік-экономикалық мәселелері туралы толығырақ түсінік алуға мүмкіндік берді. Осы форумның арқасында экономикасы өтпелі кезеңдегі елдер Қазақстанның қандай пробемаларға киліккенін және одан шығу бағытындағы қол жеткен жетістіктері жөнінде мәліметтер алды.

- Қазақстан үкіметінің дағдарысқа қарсы қабылдап жатқан шаралары жөнінде, әсіресе елдегі ірі банктерге көмек көрсету және теңгенің девальвациялануы туралы Сіз не айтар едіңіз?


- Мен Қазақстанда дағдарысқа қарсы кең ауқымды шаралардың қабылданып жатқандығын атап өткім келеді, ал осында келгенге дейін мен бұл туралы ешнәрсе білмеген едім. Үкімет тарапынан банктерге көмек көрсету жөніндегі шешім нақты себептерге негізделген деп ойлаймын. Бұл шаралар - бұдан да ауқымды стратегиялық әрекеттерге қажетті қадамдардың бірі. Ұлттық валютаны девальвациялау туралы шешім де осыған қатысты, өйткені теңгені девальвациялау қаржы рыногы мен тауар бағасын тұрақтандыруға ықпал етті.

- Еуроны құру және Сіздің оңтайландырылған валюта аймағы теорияңыз экономика саласына қосқан үлесіңіз саналады, соның нәтижесінде Сіз 1999 жылы Нобель сыйлығын алдыңыз. Осыған байланысты, Сіз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік валюта құру туралы ұсынысы жөнінде не ойлайсыз?


- Шағын экономикаларға үлкен валюталар бағамының тұрақсыздығынан сақтану үшін ірі валюта аймағын құру аса маңызды. Егер де, біз халықаралық валюта құру идеясынан бас тартатын болсақ, онда аймақтық көзқарас жаһандық ықпалдастыққа жақсы балама болады. Валюталық одақтастықтың маңызды саяси элементінің бірі - аймақ қауіпсіздігі, басқаша айтқанда аймақта тартыс-жанжал болмауы тиіс және одақтастары болуы тиіс. Мен Н.Назарбаевтың әлемдік валюта құру туралы ұсынысын қолдаймын және оның негізін дұрыс түсінемін деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұл ұсыныстың мақсаты оны "G20" саммитінің күн тәртібіне шығару.

- Сіз осы саммитте қандай басты идеялар мен ұсыныстар айттыңыз? Экономикасы өтпелі елдер үшін бұл форумның маңызы қандай?


- Бұл форум Қазақстан мен оның көршілерінің проблемалары және жетістіктері туралы экономикасы өтпелі елдердің жақынырақ білулеріне жол ашады, сондай-ақ, қазақстандық саясат пен экономика туралы толығырақ танысуға мүмкіндік береді, әлемдік қаржы дағдарысын еңсеруге бағытталған үкімет әрекеті жөнінде сарапшылар баға беріп, пікір алмасады. Менің негізгі ұсыныстарым, жаһандық есептесу бірлігінің халықаралық валюта жүйесін қалпына келтіруді қамтиды. Менің ұсынысым 15 пайыздық бірлескен салықты қысқартуға, доллар, еуро және йеннің айырбас бағамын тұрақтандыруға және негізгі валюталармен, мүмкін алтынмен қорғалатын жаһандық валюта құруға негізделген.

ҚазАқпарат анықтамасы.
Роберт А.Манделл 1932 жылы Кингстонда (Онтарио провинциясында, Канада) туған. 1953 жылы Британ Колумбиясы Университетінде экономика жөнінде бакалавр дәрежесін алды. 1956 жылы Лондон экономика мектебін бітірген, Массачусет технологиялық институтын бітіріп, философия докторы дәрежесін алды. Станфорд университетінде және Джонс Хопкинс халықаралық зерттеулерді дамыту Болон Орталығында оқытушы, «Journal of Political Economy» журналының редакторы болды. Роберт Манделл - сегіз монография мен 100-ден астам мақаланың авторы.