«25 қыркүйекте Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі хатшылығының 12-ші отырысы, сондай-ақ «Өркениеттер үнқатысуындағы Астана дінаралық форумының рөлі» тақырыбы бойынша ғылыми тәжірибелік конференция өтеді», - деді баспасөз хатшысы.
Атап айтқанда, бұл шаралар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте шақырылған тұңғыш Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің 10 жылдығына арналып отыр.
Хатшылықтың 12-ші отырысы барысында былтыр мамырда өткен IV Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің қорытындылары бойынша пікір алмасулар өтеді.
Қатысушылар сонымен қатар, 2015 жылға жоспарланған 5-ші съездің тұжырымдамалық және ұйымдастыру мәселелерін талқылайды. Отырысқа Хатшылық басшысы - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәми төрағалық етіп, хатшылық мүшелері, яғни Әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері қатысатын болады.
«Өркениеттер үнқатысуындағы Астана дінаралық форумының» рөлі тақырыбындағы халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция Мемлекет басшысының конфессияаралық форумды өткізу туралы идеясының тарихи маңызын ғылыми тұрғыда зерделеуге ықпал етуі тиіс. Шараға Әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдері, қазақстандық, шетелдік қоғамдық саяси қайраткерлер, белгілі ғалымдар шақырылып отыр.