Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV Съезінің ауқымында Н.Назарбаев Бүкіләлемдік ислам лигасының бас хатшысын қабылдады

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV Съезі ауқымында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бүкіләлемдік ислам лигасының бас хатшысы Абдалла бен Абдель Мухсинді қабылдады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында съездің күн тәртібі, Қазақстанның Бүкіләлемдік ислам лигасымен ынтымақтастығы, сондай-ақ аймақтық және жаһандық саяси үдерістердің өзекті тақырыптары талқыланды. Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV Съезінің мақсаттары мен міндеттері Сауд Арабиясы Королінің бастамасы бойынша жүргізіліп отырған форумдармен үндес екенін атап өтті.

«Сіз бүгін съезде сөйлеген сөзіңізде заманауи маңызды проблемаларды қозғадыңыз. Мен біздің барлық бастамамызды қолдағаны үшін Бүкіләлемдік ислам лигасына алғыс айтамын. Сіздің форумға белсене қатысуыңыз басқаларға үлгі болады. Қазақстан - мұсылман халқы көп тұратын ең солтүстік ел. Біздің Бүкіләлемдік ислам лигасымен ынтымақтастығымыз маңызды», - деп атап өтті Мемлекет бвасшысы.

Өз кезегінде Абдалла бен Абдель Мухсин Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

«Біз мұндай шараға Сауд Арабиясы Королінің және бүкіл ислам қоғамдастығының атынан қатысып отырмыз. Біз съездің ұйымдастыру комитетімен және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасымен белсенді ынтымақтасып отырмыз және осындай ауқымды шараны өткізудің жоғары деңгейін атап өтеміз», - деді Бүкіләлемдік ислам лигасының бас хатшысы.