Әлемдік әуе компанияларының қайсысы Таяу Шығысқа ұшуды тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — Дубайда орналасқан Emirates әуе компаниясы Ливан астанасына рейстерді тоқтатуды жылдың соңына дейін, сондай-ақ Ирак астанасына — қарашаның соңына дейін ұзартты. Бейрутке Дубай арқылы транзитпен баратын жолаушылар рейске ұшу пунктінен отырмайды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Фото: Х / @emirates

Әмірліктер әуе компаниясының атап өтуінше, ол аймақтағы жағдайды жіті бақылауды жалғастырып жатыр және белгіленген орындарда жергілікті авиация билігімен байланыста.

Әуе компаниясы веб-сайтындағы мәлімдемесінде «Emirates-тің Бейрутке және одан ұшатын рейстері 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін тоқтатылғаны» хабарланды.

Emirates-тің Бағдадқа және одан шығатын рейстері де 2024 жылдың 30 қарашасына дейін тоқтатылды.

Әуе компаниясы сонымен қатар Дубай арқылы Бейрут пен Бағдадқа сапар шегетін транзиттік жолаушыларға келесі ескертуге дейін олардың жөнелтілетін жерінде отырғызуға рұқсат етілмейтінін атап өтті.

Компания жолаушыларға сапарларының балама нұсқаларын зерттеу үшін тікелей брондау агенттерімен байланысуға немесе әуе компаниясына хабарласуға кеңес берді. 

— Осы арада, Emirates серіктесі Flydubai лоукостері Бағдадқа ұшуын жалғастырып жатыр, — делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Иранның Израильге жасаған зымыран шабуылдарына байланысты Таяу Шығыстағы негізгі әуе кеңістігі жабылғаннан кейін халықаралық әуе компаниялары айтарлықтай іркіліске тап болды. Бірқатар әуе компаниялары ұшақтарының ұшуын өзгертті немесе Таяу Шығыстың кейбір астаналарына рейстерін толығымен тоқтатты.

Тағы қандай әуе компаниялары рейстерді тоқтатты?

Бұған дейін Qatar Airways Ирак, Иран және Ливанға рейстерді уақытша тоқтатқан болатын. Иорданияға рейстер тек күндізгі уақытта орындалып жатыр. 

Turkish Airlines және Pegasus әуе компаниялары жауап соққыларынан қауіптеніп, Иранға ұшатын барлық рейстерді тоқтатты.

KLM Тель-Авивке ұшуын тоқтатты. Transavia Ливанға 3 қарашаға дейін, ал Израильге 2025 жылдың наурыз айының соңына дейін рейстерді тоқтатты.

Air France Бейрут пен Тель-Авивке рейстерді тоқтатты. 

Lufthansa Group Тель-Авивке 31 қазанға дейін, Тегеранға 26 қазанға дейін және Бейрутке 30 қарашаға дейін рейстерді тоқтатты. 

Wizz Air 2025 жылдың қаңтарына дейін Тель-Авивке және одан шығатын рейстерді тоқтатты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Халықаралық қылмыстық сот Нетаньяху мен Галантты қамауға алуға ордер берді.