Anadolu: Орталық Азия мен Әзербайжан саудасын $20 млрд-қа жеткізу ұсынылды
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның өзара сауда көлемін қазіргі 13 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін ұлғайту бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Түрікменстанда өткен Орталық Азия елдері мен Әзербайжан көшбасшыларының VIII Консультативтік кездесуінде мәлімдеген.
Anadolu агенттігінің жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңындағы аймақтарда құрылып жатқан сауда-логистикалық кешендер мен өнеркәсіптік кооперация орталықтарының жұмысына мән берді. Соның ішінде көлік инфрақұрылымын дамытуға және өңірдің транзиттік әлеуетін нығайтуға ерекше назар аударған.
Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, жоспарланған инфрақұрылымдық жобалар іске асырылған жағдайда, Каспий теңізі арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі 2040 жылға қарай төрт есеге артуы мүмкін. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Орта дәлізді TRIPP көлік бастамасымен интеграциялауды ұсынды.
BBC: Алтын Орда мұрагері
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан өз тарихын дербес зерделеу науқанын бастады. Ел ішінде де, халықаралық деңгейде де Қазақстан мемлекеті Алтын Орданың мұрагері ретінде ұсынылуда. Жаңа тарихи көзқарас – Тоқаевтың Қазақстанды әлемдік аренада ықпалды орта держава ретінде насихаттайтын сыртқы саясатының бір бөлігі. Осы орайдаBBC сайты тақырыпқа қатысты ауқымды мақала жариялаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы президент болғаннан кейін Алтын Орданың тарихын зерттеуді белсенді түрде қолдай бастады. Ол 2021 жылы Жошы ұлысын зерттейтін институт құруға бастамашы болды әрі Орталық Қазақстандағы Шыңғыс ханның ұлы Жошы хан кесенесін қалпына келтіруді тапсырды. Жақында жарық көрген Қазақстанның жеті томдық тарихында 1465 жылы құрылған Қазақ хандығының бастауы ретінде Алтын Орданың тарихы жан-жақты баяндалған.
ТАСС: 16 жасқа дейін әлеуметтік желіге тыйым салынбақшы
Құрылтайдың ресми сайтында Олжас Бектеновтің балаларды әлеуметтік желілерде тіркеуді шектеу және цифрлық ортада олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы депутаттық сауалға жауабы жарияланды. Оның сөзінше, Үкімет қолданыстағы Заңға 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларды онлайн-платформаларда тіркеуді реттеуге байланысты түзетулер әзірлеген. Премьер-министр сөзін ресейлік ТАСС агенттігі таратты.
Бұл түзетулер Құрылтай қарауында. Алдын ала ақпарат бойынша, шектеу технологиялық мүмкіндіктер арқылы қадағаланатын болады. Яғни Face ID-ге ұқсас бет-әлпетті тану технологиясы, қаралатын контент, жазылымдар, қауымдастықтар, аккаунттың белсенділігі және өзге де мінез-құлық белгілері есепке алынады.
– Жаңа талаптардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында аталған норманы қолданысқа енгізу үшін өтпелі кезең көзделеді. 16 жасқа дейінгі онлайн-платформаны пайдаланушылардың қолданыстағы аккаунттарын уақытша тоқтату қаралатын болады, – делінген О.Бектеновтің жауабында.
JIJI PRESS: 2028 жылы аэротакси іске қосылады
Қазақстанда 2028 жылы әуе таксиінің коммерциялық сапары басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеген. Лауазымды тұлға сөзін жапондық Jiji Press хабарлады.
Мәдиевтің айтуынша, пилоттық жоба Астана, Алматы және Қосшы қалаларында іске асырылып жатыр. Ал Алматыда дронмен жеткізу пилоттық қызметі де іске қосылды. Жобаға жауапты AutoFlight компаниясы алғашқы аэротаксиді 19 мамырда Алатауда ұшырды, кейін 24 шілдеде Астанада қайталаған.
The Times of Central Asia: Ядролық және радиациялық оқиғаларға жедел ден қою орталығы ашылды
Қазақстанда ядролық және радиациялық оқиғаларға жедел мониторинг жүргізу және әрекет ету орталығы ашылды. Атом энергиясы агенттігінің хабарлауынша, аталған орталық АҚШ Энергетика министрлігінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің (DOE/NNSA) қолдауымен құрылған. Жаңалықты The Times of Central Asia жазды.
Орталықтың негізгі міндеті – радиациялық жағдайды мониторингтеу және талдау, жедел ақпарат алмасу, сондай-ақ ядролық және радиациялық оқиғалар туындаған кезде іс-қимылдарды үйлестіру. Орталық жедел әрі негізделген шешім қабылдау үшін қажетті ақпаратты уақтылы алуға мүмкіндік береді.
Атом энергетикасы елде дамыған сайын төтенше жағдайға дайындық арта түсті. Өйткені 2024 жылғы референдумда дауыс бергендердің 71,12%-ы атом электр станциясының құрылысын қолдады. Содан бері билік екінші және үшінші станциялардың құрылысына дайындықты бастап кетті.