Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Алғашқы АЭС құрылысы, ЖИ-фильмге бөлінген қаржы және дәрі-дәрмек импорты

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл аптада әлемдік басылымдар Қазақстан жайлы біршама жаңалық жариялады. Ресей Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапарында қол қойылған құжаттар, Қытай көліктерінің көбеюі және Токио губернаторы Юрико Коикэнің Астананың даму бағдарына қатысты пікірі талқыланған. Жасанды интеллект көмегімен жасалатын кинотуындыға берілетін қаржы мен дәрі-дәрмек импорты туралы ақпарат бар. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Reuters: АЭС құрылысына қатысты келісімге қол қойылды

Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген болатын. Сапар аясында бейсенбі күні Қазақстан мен Ресей құны 16,5 миллиард доллар болатын алғашқы АЭС-ті салу туралы келісімге қол қойды. Соманың бір бөлігі Мәскеу ұсынатын ірі экспорттық несие есебінен өтелмек. Ақпаратты Reuters таратты.

Қазақстан атом энергиясын пайдалану мүмкіндігін жиырма жылдан бері талқылап келеді. 2024 жылы референдумда АЭС-ті салуды қолдау туралы шешім қабылданып, оның орны ретінде Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылы таңдалған.

– Бүгін қол қойылған «Балқаш» атом электр станциясын салуға қатысты келісімдердің стратегиялық маңызы зор, – деп мәлімдеді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыдан кейін ол келіссөз жүргізу үшін Астанаға келген Ресей Президенті Владимир Путинге көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты.

– Электр станциясының іске қосылуы Қазақстан экономикасын энергиямен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады, – деді Владимир Путин.

Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мәліметінше, станция құрылысында жетекші рөлді Ресейдің «Росатом» мемлекеттік атом корпорациясы иеленген. Келісімге сәйкес, Балқаштағы АЭС-те екі ВВЭР-1200 III реакторы орнатылады. Құрылыс 2027 жылы басталып, алғашқы реакторды 2034 жылдың басында іске қосу жоспарланған.

Euronews: Токио губернаторы тәжірибе алмасуға үндеді

Астанаға арнайы келген Токио губернаторы Юрико Коикэ Euronews арнасына сұхбат берді. Әңгіме барысында шаһарды дамытуға қатысты сутегі энергетикасы, жасанды интеллектіні ілгерілету және қауіпсіздік тақырыбында пікір білдірген.

Оның айтуынша, Астанада «жасыл» сутегін дамыту қажет. Ол үшін құбыр желілері, қоймалар секілді инфрақұрылымға қомақты инвестиция тартуды ұсынды.

Юрико Коикэ AlemAI жетекші жасанды интеллект орталығын жоғары бағалап, әлем астаналары озық тәжірибені өзара бөлісу керек деген ой айтты.

Губернатордың пайымынша, Қазақстан мен Жапония арасында 2025 жылдың желтоқсанында қол қойылған цифрлық даму мен қала тұрақтылығы туралы меморандум серіктестікті одан әрі ілгерілетуде.

ТАСС: ЖИ-фильмдер фестивалінің жүлде қоры 1 миллион долларға жетті

28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында өтетін Astana AI Film Festival фестивалінің жүлде қоры 1 миллион долларды құрайды. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігі фестивальдің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Бұл – әлемдік AI-фестивальдер арасындағы ең ірі жүлде қоры. Бұған дейін мұндай сома тек Дубайдағы One Billion Forum аясында берілген, оның өзінде бүкіл жүлдені тек бір жеңімпаз иеленген болатын. Ал Қазақстанда сыйақы бірнеше авторға берілмек.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жобаға қатысу үшін ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм түсіріп, оны жобаның сипаттамасымен бірге aaiff.ai фестиваль платформасына жүктеу қажет.

Caspianpost: Қазақстан дәрі-дәрмек импортына ауқымды реформа жасауды жоспарлап отыр

Қазақстан АҚШ пен Еуропада өндірілетін дәрі-дәрмекті бекіту және импорттау процесін жеделдетуге ықылас танытуда. Жаңа ережеге сәйкес, АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) және Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі (EMA) секілді халықаралық ұйымдар мақұлданған дәрілік препараттарға Қазақстан нарығына шығуға небәрі 15 күн ішінде рұқсат беріледі. Ақпаратты Caspianpost бөлісті.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бастама қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып, қажетсіз бюрократияны жоюға бағытталған. Реформа халықаралық сынақ пен сертификаттаудан өткен дәрілік препараттардың тиімді әрі практикалық жүйесін құруға көмектеседі.

The Times of Central Asia: Қытайлық электромобиль саны бес есе артты

Биыл қаңтар мен сәуір аралығында ресми дилерлер жаңа энергия көздерімен жүретін көліктер (NEV) сегментінде 2122 қытайлық жеңіл автокөлікті сатқан. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бес есе көп. Қазақстан автокөлік одағының мәліметін The Times of Central Asia жариялады.

Ең үлкен сауда гибридті модельдер мен жүріс қоры ұлғайтылған автокөліктерге тиесілі: 1499 көлік сатылған. Ал толықтай электрлі 623 көлік иесін тапқан.