The Times of Central Asia: Ұлттық банк токенделген ноталар шығарды
Ұлттық банкі алғаш рет KASE платформасына 10 млрд теңгеге токенделген қысқамерзімді ноталар шығарды. Аукцион қорытындысы бойынша жалпы құны 50 млрд теңге болатын қысқамерзімді ноталар толық орналастырылған, оның 10 млрд теңгесі – токенделген форматта. Жаңалықты The Times of Central Asia хабарлады.
Мәлім болғандай, Ұлттық банк алғашқы гибридті аукционды 9 қараша күні өткізеді. Онда дәстүрлі бағалы қағаздармен қатар, цифрлық қаржы активтері платформасында токенделген ноталар орналастырылады. Бір нотаның номиналды құны 100 теңге болып белгіленген. Ал ноталардың айналым мерзімі – 91 күн, ал жылдық орташа кірістілігі 15,72%. Бағалы қағаздар айналымы 11 қарашада басталып, оларды өтеу 2027 жылғы 10 ақпанға жоспарланған.
Ұлттық банк барлық облигация иелеріне қарызды өтеуге жауапты. KASE өзінің цифрлық платформасында токенделген облигациялардың меншік құқығын тіркейді, ал Орталық бағалы қағаздар депозитарийі тиісті жазбаны жүргізеді.
Report: 2,2 мың шақырым канал қалпына келтіріледі
Қазақстанда 2027–2030 жылдары «Солтүстік Арал теңізі және ирригациялық жүйелерді жаңғырту» ауқымды жобасы жоспарланып отыр. Осы аралықта 2,2 мың шақырым болатын су каналдары қалпына келтіріледі. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Салимов хабарлаған. Вице-министр сөзін Report ақпарат агенттігі таратты.
Оның айтуынша, бірінші кезеңде Түркістан және Қызылорда облыстарында жүзеге асырылатын 131 жобаның тізімі жасалған. Жоспар аясында Көкарал бөгетін қайта жаңарту, 2,2 мың шақырым каналды қалпына келтіру, 1,4 мың шақырым суармалы жүйені автоматтандыру қолға алынады. Осы арқылы Арал маңындағы экологиялық жағдай жақсарып, теңіздегі су көлемі артуы мүмкін.
ТАСС: АЭС маңына қалашық салынады
Қазақстанда атом электр станциясын салу кезінде 33 мың тұрғынға арналған жаңа қалашық салынады. Атомшылар қалашығы АЭС жанындағы Үлкен ауылының құрамына біріктірілмек.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, аталған мәліметті Атом энергиясы жөніндегі агенттік басшысы Алмасадам Сәтқалиев Түркияға сапары барысында айтты. Ол «Аккую» АЭС-іне барып, ондағы қазақстандық мамандармен кездескен.
– Үлкен ауылында барлық қажетті инфрақұрылым мен кадр даярлау орталығы бар, 33 мың тұрғынға арналған атомшылар қалашығын салу жоспарланып отыр, – деді агенттік басшысы.
Өткен жылы Қазақстан елдегі алғашқы атом электр станциясын салу жөніндегі консорциумның жетекшісі «Росатом» болатынын мәлімдеген. АЭС Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында, Балқаш көлінің жағалауында салынады. Станцияға осы көлдің атауы берілді.
Jiji Press: Медициналық туризмнің онлайн платформасы құрылады
Қазақстанда медициналық туризмге арналған бірыңғай онлайн платформа іске қосылмақ. Ол арқылы шетелдіктер аурухана таңдап, емделуге алдын ала жазыла алады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында айтқан. Лауызымды тұлға сөзін жапондық Jiji Press жазды.
Премьер-Министрдің айтуынша, платформада медициналық қызмет туралы ұсыныстар жарияланып, медициналық қызметтерге алдын ала жазылуға мүмкіндік беріледі. Медициналық туристерге цифрлық қолдау көрсету үшін платформа мемлекеттік цифрлық жүйемен интеграцияланады.
– Шетелдік туроператорлар, сақтандыру және медициналық компаниялар үшін ақпараттық турларды ұйымдастыру, медициналық қызметтер пакеттерін жарнамалау, оның ішінде шетелдік БАҚ-ты тарту мәселесі пысықталды. Әлеуетті шетелдік емделушілерді Қазақстанның медициналық мекемелері, оның ішінде JCI халықаралық аккредитациясы бар ұйымдар мен отандық денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктері туралы хабардар етуге бағытталған мамандандырылған журнал дайындалады, – деді Олжас Бектенов.
Былтыр елге 4 488 шетелдік емделуге келген. Көбі Астана мен Алматыдағы клиникаларын таңдапты.
Xinhua News: Ғылыми-зерттеу конференциясы өтті
Сәрсенбі күні Алматыда «Қазақстан мен Қытай: жастар көзқарасындағы дәстүр мен инновациялар» атты екінші ғылыми-зерттеу конференциясы өтті. Ақпаратты қытайлық Xinhua News бөліскен.
Конференцияның басты мақсаты – жастардың бойындағы зерттеу дағдысын қалыптастыру, сондай-ақ оқушы-оқытушы-сарапшы арасында кәсіби диалог орнату.
Іс-шараны «Laoshi» білім беру орталығы, Narxoz Business School және «Бір белдеу – бір жол» ғылыми-білім беру орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияға Алматы қаласындағы 30-дан астам мектеп пен 10 колледждің оқушылары қатысқан.