Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Бензин тасымалына шектеу, литий өңдеудің жаңа технологиясы және босқын мәртебесі

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемдік басылымдар апта бойы Қазақстанға қатысты біршама жаңалық жариялады. Ішінде Euronews-тің қазақ тілінде хабар таратуы, БАӘ-нің қазақстандық көлік жүргізуші куәлігін мойындауы, босқын мәртебесін алу тәртібі айтылған. Жанар-жағармайды заңсыз тасымалдауға қойылған шектеу мен литийді өңдеудің жаңа технологиясы да талданды. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Euronews: Euronews қазақ тілінде ақпарат таратады

Euronews қазақ тілінде жаһандық контент тарататын жаңа арнаны іске қосады. Осылайша, арна қазақстандық аудиторияға еуропалық журналистика үлгісі мен әлемдегі маңызды оқиғалар туралы жан-жақты ақпарат ұсынбақ.

Бұл бастама компанияның Қазақстандағы стратегиялық даму жоспарының бір бөлігі саналады. Жаңа арна Қазақстандағы және шетелдегі қазақтілді көрерменге Euronews-тің журналистік ұстанымын таныстырып қана қоймай, Қазақстан мен Орталық Азия өңіріндегі оқиғаларды халықаралық деңгейде кеңінен жариялауға мүмкіндік береді.

Қазақ тіліндегі жаңа арна Euronews желісінің хабар тарататын 20-шы тіліне айналады. Қазіргі таңда медиажелі 14 тілде қызмет істейді. Euronews-тің Астанада редакциялық хабы, ал Алматыда редакциялық кеңсесі бар.

ТАСС: Шекара бекеттері маңында 59 полиция бекеті жұмыс істеп тұр

Қазақстанда жанар-жағармайды заңсыз әкетудің жолын кесу мақсатында жүргізушілерге бақылау күшейтілді, Ақпаратты ресейлік ТАСС таратты.

Мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінің маңында 59 полиция бекеті жұмыс істеп тұр. Онда полиция қызметкерлері қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатқан көліктерді тексереді.

Жыл басынан бері көлік құралдарын заңсыз қосымша отын бактарымен қайта жабдықтау бойынша 255 дерек анықталған. Барлық жүргізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі аясында жауапкершілікке тартылды. Заңсыз әрекетке барғандардың 195-і – шетел азаматы, ал 60-ы – Қазақстан азаматы.

Caspianpost: Қазақстанның жүргізуші куәлігі БАӘ-де жарамды

25 шілдеден бастап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмастыру туралы меморандум күшіне енеді. Жаңалықты Caspianpost жариялады.

БАӘ-ге баратын Қазақстан азаматтары қолданыстағы ұлттық жүргізуші куәлігімен көлік басқара алады. Дәл осындай жеңілдікті Қазақсандағы БАӘ азаматтары да пайдалана алады.

Бұдан бөлек БАӘ-де тұруға ықтиярхат алған қазақстандықтар жүргізуші куәлігін емтихан тапсырмай-ақ алмастыра алады. Бұл норма тек B және B1 санаттарына (жеңіл автокөліктер) ғана қолданылады.

The Times of Central Asia: Литий кендерін өңдеудің жаңа технологиясы зерттеледі

Ғалымдар литий құрамды кендерді өңдеудің жаңа технологиясын әзірледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметін The Times of Central Asia бөлісті.

Бұл технология карботермиялық балқыту үдерісіне негізделген. Технология кенді кешенді өңдеуді және литий мен алюминий силикатының толық бөлінуін қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде литий концентратынан ФС45 маркалы ферроқорытпа түзіледі. Бұл қорытпа металлургия өнеркәсібінде сұранысқа ие.

Технологияның арқасында концентратты өңдеу жеңілдеп, литий тұздарын алуға мүмкіндік туған.

Report: Босқын мәртебесін беру тәртібі өзгерді

Елде босқын мәртебесін беру тәртібіне өзгеріс енгізілді. Енді нәсіліне, ұлтына, дініне, азаматтығына, белгілі бір әлеуметтік топқа қатыстылығына немесе саяси көзқарасына байланысты қудалауға ұшырау қаупі бар шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам босқын деп танылады.

Report дерегінше, босқын мәртебесін алу үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдарға өтініш жазуы керек. Өтініш Қазақстанға келген күннен бастап немесе қудалау қаупі туындағанын білген сәттен бастап бес күнтізбелік күн ішінде тапсырылуы қажет.