Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Дата-орталық салу, $64 млрд ұлттық резерв және жанар-жағармай контрабандасы

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл аптада әлемдік басылымдар Қазақстан жайлы біршама жаңалық жариялады. Елдегі жылдық инфляцияның төмендеуі, Шығыс Азиямен білім беру саласындағы байланыс және шекарадан заңсыз жанар-жағармай алып шығу әрекеті талқыланған. Павлодар облысындағы Data Center Valley жобасы мен ұлттық резервтердің өсімі туралы да жазылыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Коллаж: Kazinform/ ЖИ

Report: Қазақстанның ұлттық резервтері 64 миллиард долларға жетті

Қазақстанның халықаралық резервтері мен Ұлттық қор активтері өсті. Шілде айының қорытындысы бойынша елдің жалпы халықаралық резервтері 3 пайыздан астам ұлғайып, 63,7 миллиард долларға жеткен. Жаңалықты Report агенттігі таратты.

Негізгі өсім еркін айырбасталатын валютадағы активтердің ұлғаюы есебінен болған, олардың көлемі шамамен 15,5 миллиард доллар. Сонымен қатар монетарлық алтынның құны да статистикаға оң әсер еткен, оның жалпы құны 48 миллиард доллардан асты.

Осылайша, шілдедегі резервтердің өсуіне валюталық активтердің артуы және бағалы металдар нарығындағы қолайлы жағдай әсер етті.

The Times of Central Asia: 2027 жылы ірі дата-орталық іске қосылады

Келер жылы Павлодар облысында Деректерді өңдеу орталықтары алқабы (Data Center Valley) іске қосылады. Ақпаратты The Times of Central Asia жариялаған.

Қазір Data Center Valley жобасына арналған бірінші нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Энергия орталықтары мен AI-фабрикалардың ғимараттына арналған қазаншұңқырларды әзірлеу 90% аяқталған. Желтоқсан айында дата-орталық пен энергоблоктар, әкімшілік-тұрмыстық кешен, бақылау-өткізу пункттері мен сыртқы инженерлік желілердің корпустары тұрғызылады. Бірінші нысанды пайдалануға беру 2027 жылғы маусымға жоспарланған.

Дата-орталықтың қуаты 50 МВт шамасында. Орталықты энергиямен қамтамасыз ету үшін қуаты 215 МВт қосалқы станса сатып алынды.

ТАСС: 400-ден астам заңсыз жанар-жағармай тасымалының жолы кесілді

1-10 тамыз аралығында Қазақстан шекарашылары 400-ден астам заңсыз жанар-жағармай алып шығу әрекетіне тосқауыл қойды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегін ресейлік ТАСС агенттігі бөлісті.

Тамыз айының алғашқы он күнінде мемлекеттік шекара тауарлар мен жүктерді заңсыз тасымалдаудың 551 дерегін анықтаған. Оның 411-і – жанар-жағармайды заңсыз әкету әрекеті; 140-ы – халық тұтынатын тауарларды заңсыз тасымалдауға байланысты құқықбұзушылық.

Еске сала кетейік, маусым айында жанар-жағармайды шетелге заңсыз тасымалдайтын алты арнаның жабылғаны хабарланған еді.

People Daily: Жылдық инфляция 10 ай қатарынан төмендеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады. Жүздесуде 2026 жылғы қаңтар-шілде айларындағы ақша-кредит саясатын жүзеге асыру қорытындысы хабарланған. Жаңалықты қытайлық Жэньминь жибао басылымы жазды.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жылдық инфляция он ай қатарынан төмендеп, шілдеде 10,2 пайызды құрады. Бұған жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы ықпал етіп отыр.

Jiji Press: Жапония мен Кореяның жетекші университеттерімен серіктестік кеңеюде

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жапония мен Корея Республикасының жетекші университеттері және ғылыми-технологиялық ұйымдарының басшыларымен кездесті. Сапар барысын жапондық Jiji Press агентігі ақпараттандырды.

Министр Токиода Tokyo Metropolitan University және Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінің (UNU) басшылығымен кездесті. Tokyo Metropolitan University ректоры Такаэ Охашимен университеттер арасындағы байланыс, академиялық ұтқырлық, тәжірибе алмасу жайы талқыланған. Министр қос білім беру ұйымының жетекшілерін қараша айында Астанада өтетін Стратегиялық серіктестер форумына шақырды.