Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Еуропалық виза, киіктің көбеюі және атом өнеркәсібінің жай-күйі

Коллаж: Kazinform/Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл аптада жаһандағы интернет-басылымдар Қазақстанға қатысты жаңалықты қалыс қалдырмады. Қазақстан үшін Еуроодақтың визалық режимі жеңілдейтіні, Грузиямен логистикалық байланыстың артатыны айтылған. Елдегі киік популяциясының күрт өсуі мен атом өнеркәсібін дамытудың жоспары да талқыланыпты. 

ТАСС: Қазақстан мен ЕО визалық режимді жеңілдету бойынша келіссөз өткізді

Брюссельде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Визалық режимді жеңілдету туралы келісім және Реадмиссия туралы келісім бойынша алғашқы келіссөз өтті. Бұл жиын ел азаматтарының Еуропаға кіруін едәуір жеңілдетуі ықтимал. Келіссөз туралы ақпаратты ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі жариялады.

Талқылау барысында тараптар пікір алмасып, бастапқы бағдарды келіскен. Соның ішінде сапарларды жеңілдетуге, қоғам арасындағы байланыстарды нығайтуға, ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететін заманауи құқықтық база қалыптастыру жайы қозғалды.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, келіссөздер – Еуропалық одақ пен Орталық Азия мемлекеті арасындағы алғашқы процесс әрі тарихи қадам.

«Отырыста Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Еуропалық комиссияның Миграция және ішкі істер жөніндегі бас директораты бас директорының орынбасары Йоханнес Лухнер тең төрағалық етті. Келіссөздердің басталуы символдық әрі маңызды оқиға болды. Желтоқсан айында Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толады. Жаңа келіссөздер трегінің іске қосылуы он жыл бойы жүйелі түрде дамып келе жатқан қатынастардың жетілгенін, мазмұндылығын және стратегиялық бағыттылығын көрсетеді», – делінген министрлік мәліметінде.

Қазақстан мен Еуропалық одақ келіссөздерді жалғастыруға және келесі раундты 2026 жылы Астанада өткізуге уағдаласты.

Фото: pixabay.com

Report: Мұнай-газ химия өндірісі артады

Әлемдік мұнай нарығындағы ахуал Қазақстанның саладағы стратегиясына айтарлықтай әсер еткенін білеміз. Алдағы уақытта Үкімет мұнай-газ химия өндірісінің қуатын қайта қарауды жоспарлап отыр. Осы орайда Report интернет басылымы бірнеше болжам мен елдегі өндіріс саясатына қатысты жаңалықты хабарлады. Мәліметті тарқатып көрейік.

Қазақстанда мұнай-газ химиясын дамыту ерекше назарда. Қазір арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр. Ол 1-ші және 2-ші қайта өңдеу жобаларын жеделдетуге, ал 3-ші және 4-ші қайта өңдеу жобалары үшін жаңа қолдау құралдарын құруға бағытталған. Жыл соңына дейін елдегі мұнай-химия өндірісі 589 млн тоннаға жетеді деген болжам бар.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы өндіріс көлемі 540 мың тонна болған (2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп). Өнімнің басым денін «KPI» ЖШС, «Компания Нефтехим ltd» ЖШС, «Шымкент химия компаниясы» ЖШС, Атырау МӨЗ секілді саланың ірі кәсіпорындары қамтамасыз еткен-ді.

Сондай-ақ бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2032 жылы өңдеу көлемін жылына 30 млн тоннаға дейін ұлғаятынын айтқан.

– 2040 жылға қарай заманауи отын-мұнай-химиялық конфигурацияда қуаты 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа үлкен сыйымдылықтағы ірі зауытты іске қосу мен өңдеу қуатын 30-дан 40 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып жатыр. Жаңа зауыттың өңдеу тереңдігі 95%-ды құрайды. Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарына өсіп келе жатқан сұранысын 100% қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай өнімдерін көршілес елдерге экспорттауға мүмкіндік береді, – деді Өнеркәсіп және құрылыс министр Е. Ақкенженов.

Белгілі болғандай, Қазақстан 2040 жылы мұнай өнімдерінің сапасы экологиялық К4 стандартынан К5+ стандартына көшіреді және өнімін сыртқы нарыққа экспорттамақ.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Trend: Қазақстан-Грузия логистикалық байланысты нығайтады

Апта басында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Грузияның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидзе бастаған делегациямен кездесті. Тараптар Маңғыстау облысы мен Грузия арасындағы экономикалық, көлік-логистикалық, туристік және мәдени бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылаған. Ақпаратты Trend таратты.

Облыс әкімі Маңғыстаудың инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, өңірдің географиялық орналасуы, көлік инфрақұрылымы және қолайлы инвестициялық ахуалы екі жақты серіктестік үшін маңызды фактор екенін айтқан.

Кездесуде Каспий теңізі арқылы Құрық – Алят (Әзербайжан) бағытында тұрақты теңіз паром қатынасын ұйымдастыру жобасы талқыланды. «Georgian Industrial Group» бастамасымен іске асырылып жатқан жоба аясында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында екі паромды іске қосу жоспарлануда. 2027 жылға қарай паром флоты алты кемеге дейін ұлғаймақ. Бұл Каспий бағытындағы жүк тасымалы көлемін арттыруға, порт инфрақұрылымын дамытуға және «Транскаспий халықаралық көлік бағытының» тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы мен Грузия арасындағы 2025 жылдың қаңтар-қазан айларындағы сыртқы сауда айналымы 1,9 млн АҚШ доллары көлемінде болды. Бүгінде өңірде грузин капиталының қатысуымен 51 кәсіпорын жұмыс істейді.

Фото: www.gov.kz

The Times Of Central Asia: Келер жылы киік саны 5 миллионға жетеді

Қазақстандағы киіктердің саны 4 миллионнан асты. Бұл – ел үшін рекордтық деңгей. Ал келесі жылы төлдеуден кейін 5 миллионға жетуі мүмкін. Мемлекет киік популяциясын реттеу қандай шешім қабылдайтынын The Times Of Central Asia интернет басылымы жазды.

Киік популяциясының дүниежүзі бойынша 98 пайызы Қазақстанда. 2003 жылы қазақ даласындағы бөкендер 21 мыңға дейін азайып кеткен еді. Арада 20 жылдан аса уақыт өткенде жағдай оңалды, тіпті киік саны шамадан тыс ұлғайып келеді.

Үкімет мәліметінше, осы жылы 1 шілдеден 30 қарашаға дейін 196 мыңға жуық киік тәркіленді, ұшалары отандық ет өңдеу кәсіпорындарына берілді. Жұмыстар ғылыми ұсынымдарға сәйкес қатаң түрде жүргізілді.

«Дериваттарды есепке алуға және сақтауға ерекше назар аударылады. Киіктердің барлық мүйізі таңбаланып, министрлікке ведомстволық бағынысты «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК ұйымында күшейтілген күзет және мамандандырылған инфрақұрылым жағдайларында сақталады.

Дериваттарды цифрлық таңбалау және халықаралық реттеу мәселелері жеке қаралды. «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп толық қадағалауды және заңды айналымды қамтамасыз ететін киік мүйіздерін таңбалау жобасы жүзеге асырылуда», – деп жазылған ақпаратта.

Ұсынылған жүйе CITES Халықаралық конференциясында қолдау тапты және қазақстандық дериваттардың экспортына шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастау үшін негіз ретінде қарастырылады.

Фото: Аңшылық және зообақ өнеркәсібі

Euronews: Қазақстан ядролық жобалар мен ғылыми орталықтарды дамытып жатыр

Euronews басылымы елдегі атом саласының дамуына қатысты көлемді ақпарат жариялады. Онда уран қоры, АЭС-ке қажетті отын, шетелдік компаниялармен байланыс тақырыптары қамтылған.

Үкімет таяу онжылдықта бірнеше атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр – біреуі ресейлік «Росатоммен» және тағы екеуі қытайлық серіктестердің қолдауымен жүзеге аспақ. Қытайлық жобалардың егжей-тегжейі әзірге белгісіз, алайда жоба Қазақстанның энергетика саласын әртараптандыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

«Росатом» бірінші станцияны 2035 жыл аяқтауы тиіс. Жақында оған ресми түрде «Балқаш» АЭС атауы берілді. Бұл АЭС-те ІІІ+ буынындағы екі реактор жұмыс істейді. Жиынтық қуаты – 2,4 ГВт. 2025 жылдың тамызында АЭС орналасатын жер есебінде Алматы өңіріндегі Үлкен ауылының маңы таңдалды.

Қазақстан уран мен ядролық отын өндiрісіне және саладағы технологияларды экспорттау күш салып келеді. Қазiргi уақытта «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық операторы ядролық отын циклінің бастапқы циклін басқарады, яғни отын компоненттерін барлауды, өндіруді және дайындауды жүргізеді. Компания ядролық отын циклінің барлық кезеңін жүргізуге ниеттеніп отыр, бұл елдің жаһандық жеткізу тізбегіндегі позициясын нығайтады.