Euronews: Қазақстан Иран уранын сақтауға дайын
Қазақстан АҚШ пен Иран арасындағы келіссөзге көмектесу үшін Иранның байытылған уранын өз аумағында орналастыруды ұсынды. Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Гроссимен кездесуінде идеяны қолдап, Қазақстанды уран қорын бейтарап сақтаушысы ретінде көрсеткен.
Euronews мәліметінше, 2017 жылы Қазақстан БҰҰ-ның ядролық қадағалау органымен бірлесіп МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін орналастырған болатын. Ол елдің шығысындағы Өскемен қаласында, Үлбі металлургиялық зауытында орналасқан және 2019 жылдың қазан айында жұмысын бастады. Банктің мақсаты – азаматтық ядролық бағдарламалар үшін отын жеткізуді қамтамасыз ету және ядролық қарудың таралу қаупін азайту.
– Барлық тараппен халықаралық келісімге келген жағдайда, өз тарапымыздан адал ниетпен техникалық көмек көрсетуге дайын екенімізді білдіреміз, – деп мәлімдеді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев.
Reuters: Қазақстан мұнай өндірісін қайта жандандырды
26 мамырда болған апат салдарынан «Теңіз» кен орнында мұнай өндіру көлемі күрт төмендеген болатын. Кейін мұнай өндіру тәулігіне 290 мың тонна деңгейіне шықты.
Reuters агенттігінің есебінше, 28 мамырда «Теңіз» кен орнында мұнай өндіру көлемі 310 000 баррель болған, 31 мамырда тәулігіне шамамен 900 000 баррель деңгейіне көтерілген. Мамыр айында жалпы мұнай және газ конденсатын өндіру көрсеткіші тәулігіне орташа есеппен 2,1 миллион баррельді құрады, бұл – сәуірдегі көрсеткіштен (тәулігіне 2,16 миллион баррель) төмен.
Қазақстан тәулігіне әлемдік шикі мұнайдың 2 пайызын өндіреді. Мұнайдың негізгі бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы Ресейдің Новороссийск портына экспортталады.
Anadolu: Тоқаев кәсіпкерлерді Алатау қаласын дамытуға шақырды
Қазақстандық кәсіпкерлер Алатау қаласындағы жобаларды қолдауы тиіс. Бұл сөзді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы алғашқы цифрлық қаланы дамытуға арналған кездесу барысында айтты.
Anadolu таратқан ақпаратқа сәйкес, Алатау қаласында 50-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асады. Жобалардың жалпы құны 4 миллиард долларды құрайды және 50 000-нан астам жұмыс орны ашылуы ықтимал.
Қасым-Жомарт Тоқаев бір-екі жыл ішінде басым секторларға инвесторларды тартып, инвестиция қоржынын кеңейтуге үндеді. Оның айтуынша, отандық кәсіпорындар «жай бақылаушы емес, қаланы дамытудың тең құқылы қатысушысы» болуы шарт.
ТАСС: Байқоңырға зымыран жеткізілді
«Прогресс МС-36» жүк кемесін орбитаға шығаруға арналған «Союз-2.1б» зымыран тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағына әкелінді. Роскосмос мәліметін ТАСС таратты.
– «Южный» ғарыш орталығының мамандары зымыран блоктары тиелген теміржол құрамын қабылдап алды, – делінген хабарламада.
Жүк түсіру жұмыстары аяқталғаннан кейін мамандар блоктарды орналастырады, кейін зымыран ұшыруға дайындық басталғанға дейін 31-ші алаңның техникалық кешеніне жіберілмек.
Сонымен қатар ТАСС агентігі Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгинмен сұхбаттасқан. Оның айтуынша, шаһар әкімшілігі Қазақстанмен бірлесіп қалаға жасалатын біркүндік тур санын арттыруды жоспарлап отыр.
Xinhua: Мамырдағы теңіз жүк тасымалы рекордтық деңгейге жетті
«Қазмортрансфлот» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы контейнермен тасымалданатын жүк көлемін арттырды. Өткен айда Ақтау теңіз портынан Баку маңындағы Алят теңіз портына 20 футтық баламадағы (ЖФБ) 7 451 контейнер тасымалданған. Ақпаратты Xinhua агенттігі бөліскен.
«Қазмортрансфлот» 2019 жылдан бері Ақтау мен Алят порттары арасында 210 мыңнан астам ЖФБ контейнер тасымалдаған еді. Бұл шамамен 2,7 миллион тонна жүкке тең.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қазақстан, Қытай, Кавказ елдері, Түркия және Еуропа нарықтарын байланыстырады. Бағыт – Азия мен Еуропа арасындағы маңызды көлік дәлізі.