ТАСС: Шетел азаматтары үшін Қазақстанға кіру ақылы болады
Қазақстанда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар үшін елге кіруге арналған электронды рұқсат беру жүйесі енгізілуі мүмкін. Бұл өзгеріс қолдау тапса, шетел азаматтары үшін Қазақстанға кіру ақылы болады. Ақпаратты ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі хабарлады.
Жаңа тәртіп шетел азаматтарының Қазақстанға кіруін цифрлық форматта рәсімдеуге мүмкіндік беріп, көші-қон бақылауын тиімді жүргізуге жағдай жасайды.
Қазіргі таңда Қазақстанға әлемнің 50-ден астам мемлекетінің азаматтары визасыз кіре алады. Оның ішінде ТМД елдерінің азаматтарына визасыз кіру тәртібі қолданылады, сондай-ақ Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтарына қысқа мерзімді сапар үшін визасыз режим қарастырылған.
Report: Wildberries Қазақстанда екі қойма салады
Ресейлік Wildberries маркетплейсі Қазақстанда жалпы аумағы 260 мың шаршы метрді құрайтын қойма кешендерін салып жатыр. Оның ішінде 160 мың шаршы метрлік қойма Астанада, ал тағы 100 мың шаршы метрлік нысан Алматыда орналасады. Report агенттігінің жазуынша, жаңа логистикалық нысандар келер жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілмек.
Қазіргі таңда Wildberries 46 мың шаршы метрге жуық қойма алаңын жалға алып отыр. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Wildberries-тен қосымша қоймалар салуға қатысты ұсыныс түспеген.
Xinhua: Каспий теңізі түбіне оптикалық кабель төсеу аяқталды
Ақтау мен Сумгайыт арасындағы цифрлық магистраль құрылысының ең күрделі кезеңі аяқталды. Жаңа бағыт Қазақстан мен Әзербайжанның телекоммуникациялық инфрақұрылымын тікелей жалғастырып, Азия мен Еуропа арасындағы жоғары жылдамдықты деректерді беру арнасына айналуы тиіс. Жаңалықты Xinhua ақпарат агенттігі таратты.
Жоба 2025 жылы бастау алған болатын. Инженерлік зерттеулер мен кабельді сынақтан өткізгеннен кейін, биыл шілдеде кабельдітеңіз түбіне төсеу жұмысы басталды. Құрылыс жұмыстары тәулік бойы су сыйымдылығы 20 мың тоннадан асатын арнайы кеменің көмегімен жүргізілді. Жобаға 70 маман тартылды.
Jiji Press: Жерасты суын пайдалану жоспары әзірленуде
Қазақстан 2027-2040 жылдарға арналған Жерасты суын пайдалану және басқару тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметін жапондық Jiji Press бөлісті.
Тұжырымдама жерасты су ресурсын басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Құжатты іске асыру жерасты суын пайдаланудың тиімділігін арттырып, елді мекендер мен экономика салаларын тұрақты сумен қамтамасыз ету мүмкіндік береді.
PSG: «Пари Сен-Жермен» футбол клубының ресми академиясы ашылады
Қыркүйек айында Астанада Францияның әйгілі «Пари Сен-Жермен» футбол клубының ресми академиясы – PSG Academy Kazakhstan ашылады. Осылайша, Қазақстан PSG Academy халықаралық желісіне қосылған 24-ші ел болады. Аталған ақпарат әлемдік басылымдармен қатар клубтың ресми сайтында да жарияланды.
Академияның алғашқы оқу-жаттығу орталығы елордадағы Air Arena спорт кешенінде орналасады. FIFA талаптарына сай жабық футбол алаңында жас спортшылар жыл бойы үздіксіз жаттыға алады.
Алғашқы маусымда академия 6-14 жас аралығындағы 300-ге жуық ұл мен қызды қабылдайды. Оқушылар жас ерекшелігі мен дайындық деңгейіне қарай топқа бөлініп, «Пари Сен-Жермен» академиясының ресми оқу-жаттығу әдістемесі бойынша дайындықтан өтеді.