Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Корея президентінің сапары, ауызсу тапшылығы, Түркияға экспорт

Осы аптада Қазақстанның сыртқы саясаты үшін маңызды оқиға болды. Елордаға Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Ёль мемлекеттік сапармен келді. Екі елдің басшылары бірқатар ортақ жобаларды талқылап, бизнес өкілдері кездесті. Бұл туралы әлемдегі бірқатар БАҚ жарыса жазды. Сонымен қатар, шетелдік басылымдар еліміздегі таза ауызсу проблемасын шешу, Түркияға экспорт тасымалдауға қатысты материалдар жариялады. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Коллаж: Kazinform

Anadolu Agency: Оңтүстік Корея президенті Орталық Азия турының екінші кезеңі аясында Қазақстанға келді

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль сейсенбіде Орталық Азия турының екінші кезеңі аясында Қазақстанға келді. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.

Астанада оны премьер-министр Олжас Бектенов қарсы алды. Юн сәрсенбіде өзінің қазақстандық әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі, содан кейін олар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қояды, – деп жазды басылым.

The Times of Central Asia: Қазақстан және Оңтүстік Корея: «достықтың алтын көпірі»

Корея Республикасы президентінің елімізге сапары туралы The Times of Central Asia басылымы да хабарлап, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея Президенті Юн Сук Ёльмен келіссөз жүргізгенін жазды.

Басылым Тоқаевтың сөзіне сілтеме жасап, Сеул Астананың Азия-Тынық мұхиты аймағындағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі екенін хабарлады.

Корея сыртқы сауда айналымы бойынша төртінші орында және Қазақстанның ең ірі шетелдік инвесторларының ондығына кіреді. Оңтүстік Корея әлемдік ауқымда нағыз экономикалық және технологиялық локомотивке айналды, – деп келтірді басылым Тоқаевтың цитатасын. 

Қазақстанда Оңтүстік Корея капиталы бар 700-ден астам компания табысты жұмыс істейді.

Қазақстанда 120 мың этникалық корей маңызды рөл атқарады және біздің қарым-қатынасымызды нығайтуға баға жетпес үлес қосады. Өз кезегінде Кореяда оқитын мыңнан астам қазақстандық студент елдеріміз арасындағы «достықтың алтын көпірі», – деп бөлісті агенттік Қазақстан басшысының сөзін.

Сонымен қатар, басылымның мәліметінше, келіссөздер барысында президенттер энергетика, инфрақұрылым және өнеркәсіп, машина жасау, сауда, көлік және логистика, цифрландыру және аэроғарыш салалары, қаржы секторы, білім беру, денсаулық сақтау және фармацевтика, туризм және мәдениет, экология және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады.

TheKoreaНerald: Оңтүстік Корея мен Қазақстан пайдалы қазбаларды жеткізу тізбегін нығайтуға келісті

Корея президентінің сапарындағы маңызды ақпарат туралы оңтүстіккореялық басылымдар да жазды. The Korea Нerald тілшісі Сон Джи Хен «Юн Сок Ёль мен оның әріптесі, президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбіде маңызды пайдалы қазбаларды барлау мен игеруде екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға келіскенін» хабарлады.

...Астанада Қазақстан және Оңтүстік Корея арасында маңызды пайдалы қазбаларды жеткізу тізбегін құру туралы құжатқа қол қойылды, – деп жазды басылымның тілшісі.

Yonhap News Agency: Юн Қазақстанға мемлекеттік сапарын аяқтады

Ал Yonhap агенттігі 13 маусымда Юн Сок Ёльдің мемлекеттік сапарының аяқталғанын хабарлады.

Фото: Yonhap

 

Президент және оның жұбайы Ким Кеон Хи Астана халықаралық әуежайында қоштасып, екі күндік мемлекеттік сапарын аяқтады, – деп жазды басылым.

Daryo: Қазақстан 2025 жылға қарай таза ауыз суға толық қол жеткізуді көздейді

Қазақстан 2025 жылға қарай таза ауыз суға толық қолжетімділікті қамтамасыз етуге ұмтылуда. Бұл туралы Daryo агенттігі премьер-министр Олжас Бектеновке сілтеме жасап хабарлады.

Мұндай мәлімдеме қалалық және ауылдық жерлерде сумен жабдықтау қызметтерін жақсарту мәселелерін талқылау барысында жасалды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтерімен Қазақстанда қала халқының 98,9% және ауыл халқының 96,6% қамтылды, – деп жазды өзбекстандық басылым.

Агенттіктің хабарлауынша, 2024 жылы сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін салуға, реконструкциялауға республикалық бюджеттен 218 млрд теңге (4 483,5 млн) көзделген. Бұл қомақты инвестиция Үкіметтің бүкіл ел бойынша су инфрақұрылымын жақсартуға деген ұмтылысын көрсетеді, – деп жазды басылым.

Central Asia News: Қазақстанның өнімі қайтадан Түркияға сатылуы мүмкін

Қазақстандық өнімді Түркия нарығына жеткізуге кедергі болған бірқатар шектеулер алынып тасталды, деп хабарлады Central Asia News ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әңгіме 2005, 2016 және 2022 жылдары түрлі аурулардың себептері бойынша енгізілген Қазақстаннан мал және құс шаруашылығы өнімдерін жеткізуге тыйым салу туралы болып отыр.

Бұл шешім осы жылдың мамырында Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының 91-ші сессиясында екіжақты министрлікаралық келіссөздердің нәтижесінде қабылданды. Түрік тарапы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының есептерінде ұсынылған ауруларды жою жөніндегі Қазақстанның жұмысын бағалады, – деп жазды басылым.

Мал шаруашылығы өнімдерін ілгерілетуге қойылатын ветеринариялық талаптар Айдарбек Сапаровтың осы жылдың тамызында Түркияға сапары барысында талқыланады.