Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Қорғаныс шығыны, әуе рейсіндегі овербукинг және қаржысыз легионерлер
АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада әлемдік басылымдарда Қазақстан жайлы ақпарат жиі ұшырасты. Әсіресе, Үкіметтің қорғаныс саласына бөлген қаржысы, әуе билеттеріне қатысты өзгеріс ерекше аталған. Әзербайжанмен сауда байланысының ұлғаюы, спорттағы легионерлердің мемлекеттік бюджеттен қағылуы да қалыс қалмапты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Anadolu: Қазақстан қорғаныс шығынын арттырмақ
Елде Қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту қорының жарғылық капиталын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің Сенат депутатына берген жауабынан белгілі болды. Премьер-министр сөзін Anadolu ақпарат агенттігі бөліскен.
Жуырда қорғаныс өнеркәсібі кешені мен мемлекеттік қорғаныс тапсырысын дамыту мәселелері жөнінде депутаттық сауал қойылды. Онда салаға қатысты өзгеріс бағыты сұралған.
«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Steel Manufacturing» ЖШС базасында жеке броньды қорғау құралдарының сынақ зертханасын құру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылғы 23 қыркүйекте зауыт технологиялық жабдықты жеткізуге Prototypa-ZM, s.r.o. компаниясымен (Чехия) (сомасы –10 млрд теңге, жеткізу мерзімі – 2025 жылғы тамыз) шартқа қол қойды. Сынақ зертханасын іске қосудың күтілетін мерзімі – 2026 жылғы ақпан», – деп жауап берген О.Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр қазіргі уақытта қордың жарғылық капиталын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
«Республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін 120 млрд теңге сомасына өтінім дайындалды. Сыртқы инвестицияларды тарту мақсатында бірқатар шетелдік инвесторлармен (Қытай, БАӘ, Түркия, Катар, Сингапур және т.б.) келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарында индустриялық сертификаттың болуы жөніндегі талаптарға қатысты қазіргі уақытта мемлекеттік қорғаныс тапсырысы орындаушыларын таңдау тиісті өндірістік, инженерлік және біліктілік мүмкіндіктері бар кәсіпорындар арасынан жүзеге асырылатынын атап өтеміз», – делінген жауапта.
Үкімет басшысының жауабына сүйенсек, қазір елде 2 әскери сынақ полигоны жұмыс істейді. Олар Ембі және Сарышағанда орналасқан. Арнайы полигондарда әскери техника мен қару-жарақтың басқа да түрлеріне әскери сынақ жүргізіледі.
ТАСС: Ішкі рейстегі «овербукинг» үшін 375 доллар айыппұл енгізілді
Қазақстанда әуе компаниялары енді ішкі рейстерде «овербукинг» — яғни ұшақтағы орын санынан артық билет сату үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл көлемі 375 долларды (50 АЕК) құрайды. Жаңалықты ресейлік TACC ақпарат агенттігі жариялады.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, қабылданған шара әуе компанияларының қызметін бақылауды күшейтіп, жолаушылардың құқын қорғауға, нормасынан артық билет сатылымын тежеуге және ұшаққа отырғызу кезіндегі келеңсіздікті шешуге мүмкіндік бермек.
Жалпы әуе тасымалдаушылары «овербукинг», яғни ұшақтағы орын санынан артық билет сату тәсілін жиі қолданады. Әсіресе, бұл әдіс танымал бағыттарда және мереке, демалыс күндері байқалатын. Жолаушылар қолында ақылы билеті бола тұра, ұшаққа отырғызылмай, балама жол іздеуге мәжбүр болған. Қоғам наразылығы артып, мәселені шұғыл шешу қажет болды.
Бұған дейін билет болғанымен, бортта орын берілмеген жағдайда жауапкершілік тек халықаралық рейстерге қолданылатын. Енді Прокуратураның ұсынысы бойынша Парламент Мәжілісі Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгеріс енгізу мәселесін қарап, жауапкершілікті ішкі рейстерге де қолдануды мақұлдады.
Енді ішкі рейстерде жолаушыларды, багаж бен жүктерді тасымалдау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Жаңа нормаға сәйкес, әуе тасымалдаушы 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін.
Trend: Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы артты
Биыл қаңтар-ақпан аралығында Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда операцияларының көлемі 71,9 миллион АҚШ долларын құрады. Әзербайжан Мемлекеттік кеден комитетінің мәліметін Trend ақпарат агенттігі бөліскен.
Ресми дерекке сенсек, көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,9 миллион АҚШ доллары немесе 32,2 пайыз артық. Есепті кезеңде Қазақстанмен сауда айналымының көлемі Әзербайжанның жалпы сауда айналымының 0,81 пайызын құраған.
Қаңтар-ақпан айларында Әзербайжаннан Қазақстанға 12,2 миллион АҚШ доллары көлемінде тауар экспортталыпты. Яғни, өткен жылдан 4,9 миллион доллар немесе 67,1 пайыз артық. Ал Қазақстаннан Әзербайжанға 59,7 миллион АҚШ доллары көлемінде сауда операциясын жүргізген. Өсім – 13 миллион доллар немесе 27,9 пайыз.
Айта кетейік, қаңтар-ақпан айларында Әзербайжанның сыртқы сауда айналымы 8,9 миллиард АҚШ доллары болған. Ақпаратқа сәйкес, аталған көрсеткіш өткен жылға қарағанда 1,7 миллиард АҚШ долларына немесе 23,2 пайыз өскенін байқаймыз.
Report: Шетелдік легионерлерге бюджет есебінен қаржы бөлінбейді
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Соған сәйкес, енді шетелдік легионерлерді бюджеттен және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады. АқпараттыReportагенттігі таратты.
«Бұдан былай бюджет қаражаты тек төрт бағытқа: жоғары жетістіктер спортына, оның ішінде спорттың басым түрлеріне, мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметіне, бұқаралық спортқа, спорттық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады», – делінген заңда.
Оған қоса Заңға «спорттық даярлықтың ұлттық стандарттары» ұғымы енгізіледі. Демек, спортшыларды төл таным-түсінігімізге сай тәрбиелеу, дәстүрлі құндылықтарды сіңіруге арналған бірыңғай даярлау стандарты әзірленеді. Ал құзырлы органға допингке қарсы ережені бұзғаны үшін шара қабылдау өкілеттігі берілмек.