Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Құрық табанын тереңдету, уақыт белдеуі, қонақүйдегі түрік үлесі мен газ бағасы
Әлемдік басылымдар апта бойы Қазақстанға қатысты біршама жаңалық жариялады. Ішінде елдегі уақыт белдеуіне қатысты дау, сұйытылған газ бағасын реттейтін жоба жайы, халықаралық сутегі бастамасына орай Қазақстан көзқарасы айтылған. Қонақүй бизнесіндегі түрік кәсіпкерлерімен байланыс, Құрық порты акваториясының түбін тереңдету жұмысының күнібұрын аяқталғаны да қалыс қалмапты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Daryo: Казақстан сұйытылған газдың көтерме бағасын өзгеріссіз қалдырмақ
ҚР Энергетика министрлігі ішкі нарықтағы сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасын 45 158 теңге көлемінде сақтауға ниетті. Бұл – жанама салықтарды есепке алмағандағы бағам. Жобаға сәйкес, көрсетілген баға 2025 жылдың 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында қолданылады. Ақпаратты Daryo бөлісті.
Есте болса, ведомство маусым айында осы бағаны енгізген болатын. Ол кезде меже 2024 жылдың 1 шілдесі мен 31 желтоқсаны аралығында қолданыста болады деп межеленген. Министрлік мұндай шешімді ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жасағанын жеткізді. Жобаның түсіндірме жазбасына сенсек, бастама ҚР-ның «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңы мен Сұйытылған газдың көтерме саудадағы шекті бағасын белгілеу қағидасы негізінде әзірленгені айтылыпты. Сондай-ақ министрлік бұйрықты жүзеге асыру қосымша бюджеттік шығынды талап етпейді әрі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға теріс әсері жоқ деген ойда.
Бүгінде құжат жобасы жария талқы үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған. Мүдделі тараптар, соның ішінде бизнес өкілдері мен сарапшылар биыл 5 желтоқсанға дейін ұсыныс пен ескертпесін қоса алады. Құжат талқылау аяқталғаннан кейін және түзетулер енгізілген соң келер жылдан бастап күшіне енеді.
Жалпы бағаны тұрақтандыру елдегі энергетикалық қауіпсіздік саясаты, ішкі нарықтағы сұранысты бақылау шеңберінде қолға алынып отыр. Өткен жылы Үкімет тұрғындар мен кәсіпкерлердің сұранысын қамтамасыз ету үшін сұйытылған газ экспортына арналған шектеуді ұзартқан болатын.
Report: Құрық портының табанын тереңдету жұмысы аяқталды
Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту аясында Құрық портының табанын тереңдету жұмысы мерзімінен бұрын бітті. Қазіргі уақытта су айдыны мен порттың кіреберіс каналының тереңдігі 7-8 метрге дейін жетеді. Бұл порттағы кемелерге жүкті толық тиеуге мүмкіндік береді деген болжам бар. Жаңалықты Report басылымы хабарлады.
«4 ай ішінде бас мердігер «Jan De Nul Kazakhstan» ЖШС Каспий теңізіндегі ең қуатты «Vesalius» жер снарядының көмегімен қажетті жұмысты жүргізді. Алынған топырақтың көлемі 990 000 текше метрден асты», – делінген хабарламада.
Аталған жұмысқа «Jan De Nul Kazakhstan» ЖШС-ның төрт кемесі, қазақстандық мердігерлердің буксирі мен техникасы, отандық жобалау және сюрвейерлік компаниясы жұмылдырылған. Жоба аясында 50-ден астам жұмыс орны құрылыпты. Құрықтың табанын тереңдету нәтижесінде порттың терминалдық қуаты артып, мүмкіндігі молая түскен. Оған қоса Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызын арттыруға әрі жүк көлемін көбейтуге жол ашылмақ.
Айта кетейік, Құрық портының жобалық қуаты жылына 6 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде 4,1 млн тоннасы – темір жол тасымалы болса, 1,9 млн тоннасы автокөлік тасымалының үлесінде.
CentralAsia: Қазақстан сутегі бастамасына қосылды
ҚР Энергетика министрлігі СОР29 Энергетика күні аясында «Жасыл энергетика және инновациялар: Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері» панельдік сессиясын өткізді. Бұл туралы CentralAsia айтты.
Басқосуда Қазақстанның энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Қазақстанның жасыл энергетиканы дамытудағы мақсаты, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру, атом және сутегі энергетикасы туралы тақырыпты талқылады. Сондай-ақ антропогендік метан шығарындысын азайту және «жасыл қаржыландыру» идеясын саралаған. Іс-шараға «Masdar», ЕҚДБ және Азия даму банкі секілді инвестициялық қауымдастық өкілдері қатысты.
Сонымен қатар Энергетика вице-министрі Қазақстанның сутегі бастамасына (Hydrogen Breakthrough Agenda) қосылғанын мәлімдеді. Оған қоса Әзербайжан мен халықаралық ұйымдар ұйымдастырған сессияға қатысты, жасыл энергетика секторына инвестициялар тарту мәселесін қозғады.
– Бұл биыл қабылданған Сутегі энергетикасын дамыту тұжырымдамасын ілгерілетуге жол ашпақ. Ал Қазақстанның батысында «Svevind» неміс компаниясымен сутегі бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру сутегі энергетикасының дамуына ықпал ететін болады, – деді ол.
ТАСС: Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу – тарихқа негізделген
Қазақстан Үкіметі бір жылға жуық дау-дамайға айналған бірыңғай уақыт белдеуіне көшу бастамасын эксперимент емес, тарихи негізі бар шешім деп санайды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтың айтуынша, Кеңес дәуірінде белгіленген уақыт белдеуі табиғи циклге жат, ал бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап етушілер мәселенің мәнін түсінбеуде. Министр сөзін ТАСС таратты.
– Қазақстандағы уақытты есептеу жүйесінің қалыптасу тарихы бұрынғы UTC+6 белдеуі алғаш рет 1930-1931 жылдары декреттік уақытты (белдеу уақытына бір сағат қосу) қолдану арқылы енгізілгенін көрсетеді. Бұл ретте елдің көп бөлігі іс жүзінде 5-ші уақыт белдеуінде орналасқан еді. Жалпы Кеңес дәуірінде Қазақстанда табиғи уақыт белдеуі жоспарлы экономика мүддесі үшін 8 рет бұйрықпен өзгертілген. Соның салдарынан ел тұрғындары табиғи циклге сәйкес келмейтін уақыт белдеулерінде өмір сүріп келді, – деді А.Шаққалиев.
Оның сөзінше, Қазақстан бұған дейін табиғи циклден тыс уақыт белдеуіне сүйеніп келген. Сондықтан «UTC+5 – жаңа уақыт белдеуі эксперимент емес, керісінше, тарихқа негізделген уақытқа оралу», – деп түсіндірді министр.
А.Шаққалиев мәселеде арнайы білімі мен құзыреті жоқ адамдар әлеуметтік желілерде жағымсыз пікір қалыптастыруға тырысқанын айтуда. Олар күнделікті өміріне ыңғайлы болу үшін негізсіз ақпарат таратқан. Петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобы барлық тұрмыстық аргументті зерделеп, денсаулық пен экономикаға теріс әсер ететін себеп-салдар таппаған.
Anadolu: Қонақүй индустриясын дамытуда түрік мейманхана иелерінің үлесі зор
Астанадағы түрік қонақүйлер желісінің бас менеджері, профессор Тансел Тержан «Түрік әңгімелері» шарасы аясында қазақстандық жастармен кездесті. Ол туризм саласындағы 30 жылдық тәжірибесін баяндап, Қазақстандағы жүздеген қонақүй бизнесі қызметкерін оқыту жұмысы туралы айтыпты. Кездесу туралы мақаланы Anadolu агенттігі жариялаған.
Профессор Астанадағы Жүніс Әміре институты ұйымдастыратын дәстүрлі «Түрік әңгімелері» шарасы аясында туризм мамандығында оқитын және түрік тілін үйреніп жүрген жастармен жолыққан. Оның айтуынша, туризм саласына қазақстандықтарды баулу ісі 9 жыл бұрын басталған, қазір де жалғасуда. Осы уақытқа дейін маманнан сабақ алған шәкірттері беделді қонақүйлерде жұмыс істеп келеді.
– Жеке тәлімгер ретінде туризмнен мүлде хабары жоқ 50-ден астам жасқа білгенімді үйреттім. Соның ішінде 15 шәкірт қонақүй индустриясына сіңісіп, бас менеджер дәрежесіне жетті. Оған қоса бірлескен жобалар аясында 3 мыңнан астам адамның мейманхана секторындағы дағдысын дамытуға септестім.
Қазақстан мен Түркия – тамырлас ел. Екі мемлекет тек мәдени туризммен шектелмей, кең таралған экотуризм, денсаулық сақтау туризмі, табиғат аясындағы туризм секілді балама жолға көңіл бөлгені жөн, - деп қорытындылады маман.