Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Құрылтай сайлауы, Digital Qazaqstan стратегиясы және Ли Сянь Лунның сапары

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл аптада жаһандағы интернет-басылымдар Қазақстанға қатысты жаңалықты қалыс қалдырмады. Көбіне Құрылтай депутаттарын сайлау қорытындысы, Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лунның елге жасаған сапары мен мұнай-газ саласындағы инвестиция жайы талқыланған. Каспий теңізіне түсірілген жаңа кеме және 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясы да ақпарат ағынына қосылыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Коллаж: Kazinform/ ЖИ

ТАСС: Құрылтай сайлауының алдын ала қорытындысы жарияланды 

«Әділет», «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары Құрылтай сайлауында 5%-дан астам дауыс жинап, заң шығарушы органнан мандат алды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметін ресейлік ТАСС агенттігі таратты.

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сайлауға 9,3 млн адам қатысқан, осылайша сайлаушылардың келуі 74,08%-ды құрап отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, сайлауда «Әділет» партиясы – 71,17% , «Ауыл» партиясы – 6,26%, Respublica партиясы – 5,56%. «Ақ жол» партиясы – 5,21%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,11% дауыс жинаған.

Jiji Press: Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лун студенттермен кездесті

Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лун Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары аясында Nazarbayev University-де қонақ дәрісін оқыды. Ақпаратты жапондық Jiji Press жариялады.

Ли Сянь Лун дәрісті Сингапурдың 1950 жылдардан бергі даму тарихына шолудан бастап, кейін Сингапур экономикасының даму тәжірибесі, Қазақстанмен ынтымақтастықтың келешегі туралы ой бөліскен. Министр географиялық жағдайы мен ресурстары әртүрлі болғанымен, екі елдің ұстанымында ұқсастық бар деген ой айтты. Әсіресе көршілерімен тығыз байланыс орнату және әлемнің әр түкпірінен серіктес табу қос мемлекетке тән ерекшелік деген ұстанымда.

– Сингапурдың даму жолы ешқашан түзу болған емес. Қазақстан мен Сингапурдың жағдайы әртүрлі. Біздің саяси шешіміміз өз еліміздің ерекшелігіне негізделеді, сондықтан Қазақстанның да өзге шешімдер қабылдауы заңды. Алайда бәрімізге ортақ бір міндет бар: өзгерістерге үнемі бейімделе алатын жүйе құру қажет, – деді Аға министр Ли Сянь Лун.

Xinhua: Қазақстан 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясын бекітті

Қазақстан Үкіметі 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Xinhua ақпарат агенттігінің жазуынша, 2028 жылға қарай Қазақстанда ЖОО мен колледждердегі 80% білім беру жүйесіне ЖИ технологиялары енгізілуі мүмкін.

Білім беру ұйымдары оқу бағдарламасын экономика қажеттілігіне сәйкес жаңартуы тиіс. 2029 жылға қарай мектеп, колледж және ЖОО түлектерінің кемінде 80%-ы ЖИ саласындағы базалық дағдыларды меңгеруі көзделген. Сонымен қатар, 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге кететін уақытты кемінде 50%-ға қысқарту жоспарланып отыр.

Caspian Post: Каспий теңізіне жаңа құтқару кемесі жеткізілді

Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі Каспий теңізіне арналған жылдам жүретін DAMEN Fast Crew Supplier 2710 кемесін қабылдап алды. Кеме Эстонияның Курессааре қаласындағы DAMEN Workboats өндіріс орнында жасалған. Министрліктің ақпаратын Caspian Post басылымы бөлісті.

– Жаңа кеме қазақстандық құтқарушыларға оқиға орнына жылдамырақ жетіп, қиын жағдайға тап болған адамдарға дер кезінде көмек көрсетуге және авария салдарын тиімді жоюға мүмкіндік береді, – делінген министрлік хабарламасында.

DAMEN Fast Crew Supplier 2710 жоғары жылдамдықты құтқару кемесі Қазақстанның авариялық-құтқару флотының мүмкіндігін арттырады.

Report: Мұнай-газ саласына 100 млн еуро инвестиция тартылады

Франциялық SNF SA компаниясы Қазақстандағы мұнай-газ саласына арналған полимерлік өнімдер мен жабдықтардың жергілікті өндірістік базасын дамытуға ықылас танытуда. Мұнай бергіштігін арттыру әдістері жөніндегі форумы аясында Энергетика министрлігі мен SNF SA компаниясы меморандумға қол қойды. Жаңалықты Report жазды.

SNF SA жергілікті өндірістік базаны дамытуға 100 млн еуроға дейін инвестиция салмақ. Жоба мұнай-газ саласына арналған полимерлік өнімдер мен жабдықтар өндірісін локализациялауға, заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.