Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: лудомандарға психологиялық көмек, ІЖӨ өсімі мен Орта дәліз келешегі

Коллаж: Kazinform/ Freepik / Maxxyustas/ КТЖ

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл аптада әлемдік медиа кеңістікте Қазақстанға қатысты жаңалық азайған жоқ. Интернет басылымдарда экономиканың 6,2 % өсім көрсетуі, Орта дәліздің болашақ әлеуеті туралы ақпарат жиі ұшырасты. Үкімет басшысының «Қазақстан ОПЕК+ келісімінен шыға ма?» деген сауалға берген жауабы, лудомандарға психологиялық көмек көрсету жұмысы да жазылыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Report: 12 жылдағы рекордтық көрсеткішке жетті

Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан экономикасына қатысты маңызды жаңалық айтты. Оның сөзінше, елдегі ішкі жалпы өнім көрсеткіші алғашқы алты айда 6,2 % өскен. Бұл – 12 жылдағы ІЖӨ өсімінің ең жоғары статистикасы. Министр ақпаратын Report ақпарат агенттігі бөлісті.

«Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары және соңғы 12 жылдағы ІЖӨ-нің ең жоғары өсу қарқыны. Нақты сектордағы өсім 8%-ды құрады, қызмет көрсету өндірісі 5,2%-ға өсті. Негізгі қозғаушы күштер - көлік және құрылыс. Сауда жанданып, тау-кен өнеркәсібінің дамуы жалғасуда, өңдеу секторы – 5,5%-ға, ауыл шаруашылығына – бекітілген инвестиция көлемі 3%-ға өсті», – деді министр.

Оның айтуынша, инвестицияның ең үлкен өсімі маңызды экономикалық бағыттарда байқалады: білім беру – 3,5 есе, қаржылық белсенділік – 86,2%, өңдеу өнеркәсібі – 48,9%, денсаулық сақтау – 32,8%, көлік – 16,2%.

«Қаңтар-мамыр айларында сыртқы сауда айналымы 53,5 млрд долларды құрады. Экспорт 29,8 млрд долларға жетті, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – 10,2 млрд АҚШ доллар болды. Тауарлар импорты 23,8 млрд АҚШ долларын құрады. Сыртқы сауданың жалпы төмендеуіне қарамастан, оң сауда сальдосы сақталуда», – деді ол.

Anadolu: Қазақстан ОПЕК+ келісімінен бас тартпайды

Премьер-министр Олжас Бектенов ОПЕК+ алдындағы міндеттемелерге қатысты пікір білдірді. Оның сөзінен мұнай экспорттаушы елдер ұйымдағы ел мүддесі қалай өзгеретіні белгілі болды. Үкімет басшысының дерегін Anadolu ақпарат агенттігі таратты.

– Білмейтін адамдар үшін айта кетейін, біз – ОПЕК мүшесі емеспіз, ОПЕК+ келісімінің қатысушысымыз. ОПЕК+ аясында міндеттемелерімізді барынша орындауға тырысамыз. Әр кезеңнің өз межесі бар. Оларды әрдайым орындау мүмкін болмауы ықтимал. Мысалы, биыл Теңіз кен орнын кеңейту жоспарына байланысты осылай болды, – деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр биыл Теңіз кен орнын кеңейту жобасы аясында ұйым алдындағы міндеттемені орындау қиындайтынын айтқан. Оған мұнай инвесторларының ықпалы бар екен.

«Қазақстан «Теңіздегі» инвесторларынан өндірісті азайт деп талап ете алмайды. Өйткені олар «Теңізді» кеңейту жобасына 49 млрд доллар құйып отыр. Әрине, олар мұнай өндіру көлемін арттыру арқылы салған қаражатын шығарып алуды көздейді. Десе де, біз ОПЕК+ келісімінен шықпаймыз. Бұл келісім мұнай нарығында тұрақтылық сақтауға көмектеседі. Біз барынша ОПЕК+ алдындағы міндеттемелерді орындауға тырысамыз. Бірақ ұлттық мүддеге сай әрекет ететініміз анық», – деді Бектенов.

Бұған дейін Олжас Бектенов Үкіметке Теңіз кен орнындағы негізгі мұнай-газ жобаларын аяқтауды тапсырған болатын. Теңіз кен орнындағы сағалық қысымды басқару жобасы мен газ өңдеу зауыттарының құрылысы секілді ауқымды жобалар жүзеге асады.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, биыл маусымда Қазақстаннан шыққан шикі мұнайдың көлемі – тәулігіне 1,86 млн баррельге жеткен. Демек, мамыр айындағы деңгейден (тәулігіне 1,78 млн баррель) жоғары және ОПЕК+ ерікті келісімі аясында белгіленген квотадан 500 мың баррель артық.

ТАСС: Лудомандарға психологиялық көмек ұсынылады

Қазақстанда жыл басынан бері 200-ге жуық құмар ойын құрбаны өз-өзіне қол жұмсаған. Мұндай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін букмекерлік кеңселердегі ставкаларды есепке алудың бірыңғай жүйесі енгізілетін болады. Сол арқылы ірі көлемде қаржы ұтылған лудомандарға психологиялық көмек көрсетіледі деген жоспар бар. Орталық коммуникациялар қызметінің подкастында айтылған бастаманы ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі хабарлады.

Қаржы мониторингі агенттігінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Мүліков хабарлағандай, лудомандардың көбі психологтарға жүгіне бермейді.

«Статистикаға қарайтын болсақ, биыл 200 адам өз-өзіне қол жұмсады. Менің білуімше, өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігінде ойынқұмарлық бойынша үш адам есепке тұрған. Лудомандар есепке тұруға, емделуге ықылас танытпайды. Мұны ауру емес деп санап, ұтылған ақшасын қайтарып аламын деген оймен жүреді», – дейді Дәурен Мүліков.

Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің төрағасы Әділет Тұрғанбаевтың айтуынша, олқылықты түзету мақсатында жүйелі қадам басталған. Мысалы, мемлекет букмекерлерге түсетін барлық қаржыны есепке алатын бірыңғай жүйені енгізуді жоспарлап отыр. Оған қоса мемлекет әрбір ставка сомасының 1 пайызын әлеуметтік қажеттілік үшін алып қалуды көздейді. Кейін жүйе ойын бизнесінің басқа салаларына да енгізілмек.

«Адамдарды лудоманияға қарсы емделуге мәжбүрлей алмаймыз, алайда жаңа жүйе көмек бере алады. Әрбір адамның ұтылған қаржы көлемін есепке алып, сол адамға ескерту хабарламасын жібереміз. Яғни, азаматтарға олардың ұтылған қаржысының көлемі ұлғайып жатқанын және қажет жағдайда психологиялық көмек алуға болатыны туралы хабар барады. Онда психологиялық көмек беру орталықтарының нөмірі көрсетіледі», – деді Әділет Тұрғанбаев.

Euronews: Еуропа мен Қытай арасындағы Орта дәліз жанданады

Қазақстан Еуропаны Азиямен 15 күн ішінде байланыстыратын Орта дәлізді дамытуға ниетті. Ол үшін дәліз бойындағы транзит жолын кеңейту, темір жол мен автомагистральдарды жаңғырту, Каспий теңізі порттарының түбін тереңдету және ішкі флот дамыту бағытына миллиардтаған еуро инвестиция құймақ. Ақпаратты Euronews жариялады.

Украинадағы әскери қақтығыс ЕО елдерін жаңа сауда жолын іздеуге итермеледі. Сондықтан Орта дәліз – Транскаспий халықаралық көлік бағыты қайта назарға ілінуде. Қазір Еуропалық одақ Global Gateway бағдарламасы аясында 12 млрд еуроға инвестициялық пакет дайындады. Халықаралық көлік бағытында Қазақстанның үлесі қандай болмақ?

4250 шақырым теміржол, 500 шақырым теңіз жолы – Еуропа мен Қытайды байланыстаратын аумақ. ЕО Транскаспий көлік дәлізін заманауи әрі жылдам бағытқа айналдырғысы келеді. Бұл дәліздегі жол ұзақтығы – 15 күн. 2040 жылға қарай жылына 470 мың контейнер өткізуі мүмкін.

Алайда логистикаға қолайсыз тар аймақтар бұдан әрі дамуға кедергі келтіріп жатыр. Сол себепті Қазақстан кешенді жаңғырту арқылы жүк өткізу көлемін 5 есе ұлғайтуды көздеп отыр. Жүк көлемі 2021 жылы 800 тонна болса, өткен жылы 4,5 млн тоннаға жетті. 2028 жылға қарай көрсеткішті 10 млн тоннаға көтеру жоспары бар.

«Қазіргі таңда порттардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі апта бұрын Ақтауда қытайлық әріптестерімізбен бірге контейнерлер хабын іске қостық. Құрықта астық терминалының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар дәліз бойындағы теміржолды жаңарту қолға алынды. Жалпы инвестиция көлемі – 4 млрд долларға жуық», – деді Көлік министрлігі көлік саясаты департаменті директорының орынбасары Сәтжан Өзбеков.