Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Малайзия премьері, экономиканы ырықтандыру, Орталық Азиямен тауар айналымы $7,7 млрд
Осы аптада әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары елімізге қатысты көп материал жазды. Әсіресе, Малайзия премьер-министрі Ануар Ибрагимнің Астанаға ресми сапары және экономиканы ырықтандыру туралы жарлық көптеген БАҚ-тың назарында болды. Шетелдегі басылымдар Қазақстан туралы басқа қандай хабар таратқанын Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Коллаж: Kazinform
Sinar Harian: Малайзия мен Қазақстан қарым-қатынасты нығайтуға және жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерттеуге келісті
Малайзия мен Қазақстан 1992 жылғы 16 наурыздан бастап қалыптасқан қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін зерттеуге келісті. Бұл туралы малайзиялық Sinar Harian газеті жазды.
Премьер-министр және Малайзия делегациясына арналған кешкі астан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ануар Ибрагим Ақорданың бағында серуендеді.
Anadolu Agency: Қазақстан Президенті Малайзиямен өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдірді
Малайзия премьері Ануар Ибрагимнің елімізге сапары туралы түркиялық Anadolu агенттігі де хабарлады.
Қазақстан мен Малайзияны ұзақ жылғы достық пен өзара ынтымақтастық арқауы байланыстырады... Біз көптеген маңызды салаларда өзара ықпалдастығымыз бен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін қосымша күш жұмсауға дайынбыз, – деп келтірді Тоқаевтың сөзін басылым.
Сондай-ақ, агенттік хабарлауынша, Ануар Ибрагим Малайзияның Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтіп, «дамып келе жатқан экономикалық қатынастардан барынша пайда табуға болатынын» айтқан..
Нақты ұсыныстарымыз бар. Министрлеріңізбен импорт және экспорт мәселелері жөнінде екіжақты кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Малайзияның тауарлар нарығы орасан зор. Қазіргі кезде біздің еліміз компьютер чиптерін өндіретін өңірлік хабқа айналды. Оған АҚШ, Еуропа елдері, оның ішінде Германия, сондай-ақ Қытай ауқымды инвестиция құйып отыр. Біз өз тәжірибемізбен бөлісіп, Сіздің елде табысты жүзеге асырылған өзгерістерден үлгі алғымыз келеді... – деп келтірді Anadolu Ануар Ибрагимнің сөзін.
Deutsche Welle: Германияның Қазақстанға тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның компаниялары Қазақстандағы үлесін кеңейтуге мүдделі екенін айтты. Оның мәлімдеуінше, Германияның Қазақстанға салған тікелей инвестициясы 712 миллион еуроны құрады. Бұл туралы Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы елшілігіне сілтеме жасап немістің Deutsche Welle жазды.
Басылымның хабарлауынша, Германияның Қазақстанға салған тікелей инвестициясы 2023 жылы рекордтық деңгейге – 712 миллион еуроға жетті. Мұндай мәліметтерді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 мамырда өткен Германия экономикасы Шығыс комитетінің делегациясымен кездесуінде айтты.
Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 64 пайызға өсті, – деп келтірді Deutsche Welle Тоқаевтың сөзін.
Еureporter: Қазақстанда экономиканы ырықтандыру шаралары туралы жарлық жарияланды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекелестікті дамыту, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту және бизнес шығындарын қысқарту арқылы кәсіпкерліктің еркіндігін қамтамасыз етуге бағытталған экономиканы ырықтандыру шаралары туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Еureporter жазды.
Басылым жарлықтың басты ерекшеліктеріне тоқталып, бес пунктті атап өтеді. Оның ішінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жанынан Ұлттық жекешелендіру офисін құру жоспары, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен оның еншілес ұйымдарын корпоративтік басқару дербестігін, сапасын және тәуелсіздігін арттыру, сондай-ақ олардың сатып алу рәсімдерін жетілдіру бойынша шаралар қабылданып жатқанын жазды.
Сондай-ақ, Еureporter Жарлық аясында өнім нарығында бәсекелестікті дамыту үшін бірқатар нақты шаралар қарастырылып, реттеу саясатын жетілдіру және бизнес ашу, жүргізу рәсімдерін ырықтандыру шаралары ұсынылатынын хабарлады.
Жарлық кәсіпкерлік субъектілерінің құқығы мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған шаралар кешенін қамтиды... Жарлықты жүзеге асыру экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін айтарлықтай қысқартуға және жеделдетуге, сондай-ақ жеке кәсіпкерлікке көбірек мүмкіндіктер ашуға септігін тигізеді, – деп жазды басылым.
Daryo: 2023 жылы Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 7,7 млрд долларға жетті
Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 2023 жылы 7,7 млрд долларды құрады. Мұндай деректі сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев 14 мамырда Алматыда өткен 13-ші Орталық Азия сауда форумында келтірді. Төребаев Орталық Азиядағы сауда байланыстарын нығайтудың экономикалық пайдасын, сондай-ақ аймақтағы экономикалық өсімге, жұмыс орындарын құруға және өмір сүру деңгейін жақсартуға қосқан үлесін атап өтті. Бұл туралы өзбекстандық Daryo интернет басылымы хабарлады.
Форумда Қазақстанның 131 елмен сыртқы сауда айналымы 2023 жылы өткен жылмен салыстырғанда 3,2%-ға өсіп, 139,8 млрд долларға жеткені атап өтілді. Бұл сауда рәсімдерін жеңілдету, сыртқы экономикалық белсенділікті ынталандыру есебінен болып отыр, – деп жазды басылым.
Журналист болуды 9-сыныптан армандадым. Ең жақсы көретін материалым - алты балалы, мұқтаж отбасы туралы фото-видео репортаж. Кәсіпкерлер үй алып берді. Демек босқа жазбаймын...
Ал еңбекті Bnews.kz, Baq.kz, Tengrinews.kz ақпарат агенттіктерінде тілші, шығарушы редактор ретінде бастадым. 2023 жылдың қарашасынан Kazinform ХАА аналитикалық шолушысымын.
Былтыр "Болашақ" стипендиясының иегері болып, АҚШ-та тағыламдама өтуге дайындалып жүрмін.