Trend: Қазақстан мен Түрікменстан Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізінің шығыс сегментін дамытуға мүдделі
Бұл туралы Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің Түрікменстан Министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникация агенттігінің бас директоры Мамметхан Шақыевпен кездесуінің қорытындысында мәлім болды. Ақпаратты әзербайжандық Тrend бөлісті.
Кездесуге қатысушылар сондай-ақ Ауғанстандағы Тургунди-Герат темір жолын салу және Тургунди арқылы Қытайға тауар тасымалын ұлғайту мәселесін талқылаған.
Тараптар Қытай-Қазақстан-Түрікменстан-Иран бірлескен дәліздері мен Солтүстік-Оңтүстік бағыты үшін бәсекеге қабілетті тарифтік жағдайлар жасау жөніндегі өздерінің бірлескен күш-жігерін атап өтті. Екі ел Пәкістанға және одан әрі Үндістанға тауарлардың транзитін жеңілдете отырып, Қазақстан мен Түрікменстан арқылы өтетін дәліздің шығыс сегментін дамытуда белсенді ынтымақтастық орнатуға мүдделі.
2024 жылдың шілдесінде Қазақстан, Ресей, Иран және Түрікменстан арасында Солтүстік-Оңтүстік дәлізін синхронды дамыту үшін жол картасына қол қойылғаны белгілі. Сондай-ақ Трансафган темір жолының батыс тармағын пайдалану туралы шешім қабылданды.
Солтүстiк-Оңтүстiк халықаралық көлiк дәлiзi – Санкт-Петербургтi Иран және Үндiстан порттарымен қосатын ұзындығы 7200 шақырым мультимодальдық бағыт. Ол Еуропаның Суэц арнасы арқылы Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты елдерімен байланыстыратын теңіз бағдарына балама.
Дәліздің батыс және шығыс тармақтары Иранды кесіп өтеді. Батыс тармағы Решт арқылы автомобиль көлігін, ал шығыс тармағы темір жол көлігін пайдаланады. Ирандағы соңғы межелі пункт – Бандар-Аббас порты. Одан жүктер Үндістанға теңіз жолымен жөнелтілуі мүмкін. Батыс тармағы Әзербайжан арқылы да өтеді, ал шығыс тармағы Қазақстан мен Түрікменстанға тиесілі.
Daryo: Қазақстан Түркияға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды ұлғайтпақ
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Түркиямен ауыл шаруашылығы саудасы саласында ынтымақтастық артып келе жатқанын хабарлады. Бұл жөнінде Daryo жазды.
Түріктің жетекші компанияларының бірі Armada Gıda Қазақстаннан жасымық жеткізуді ұлғайтуға қызығып отыр. Қостанайдан жасымық сатып алу тәжірибесі бар компания экспорттық партияларды шоғырландыруды жоспарлаған, бұл қазақстандық фермерлердің халықаралық нарықтарға қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Жоба Қазақстанның шағын және орта ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін саудалауды кеңейтуге мүмкіндік бере отырып, оларды қолдауға бағытталған.
Жасымықтан басқа Қазақстан Түркияға бидай жеткізу қарқынын өсірмек. Tiryaki Holding компаниясымен 250 мың тонна бидай жеткізу туралы меморандумға қол қойылды. Tiryaki Holding Астанада астықты терең өңдеу жобасын жүзеге асыруда.
Сондай-ақ, Түрік астық басқармасының (TMO) бас директоры Ахмет Гүлдалмен келіссөздер жүргізіліп, оның барысында қазақстандық астықты Түркияға жеткізу көлемін ұлғайту және Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге түрік инвестицияларын тарту мүмкіндіктері талқыланды. TMO астық нарығын реттейтін Түркияның негізгі мемлекеттік агенттігі ретінде қазақстандық экспорт үшін жаңа перспективаларды ашады. Жыл сайын TMO ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын сақтау және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 10 млн тоннаға жуық дәнді дақыл, көбінесе бидай сатып алады.
Бұған дейін Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара сауда тұрақты өсім көрсетіп отырғаны белгілі: 2023 жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 6 млрд долларға жетті. Енді екі ел бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізуге мақсат қойған.
CentralAsia: Павел Дуров Қазақстан ауылдарындағы балаларды оқытуға 356 мың доллар бөлді
«ВКонтакте» әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров грантқа үміткер қазақстандық оқушыларды өзі іріктеп алып, беделді IQanat мектебінің негізін қалаушысымен байланысқан. Бұл жайында CentralAsia басылымы хабарлады.
Ақпаратта жызылғандай, Дуров Қазақстанның ауылдық жерлерінен келген балаларды беделді IQanat мектебінде оқыту үшін 356 000 доллар сомасына 12 грант бөлген. Ол грантқа үміткерлерді өзі іріктеп, мектептің негізін қалаушы BI Group басшысы Айдын Рахымбаевпен хат жазысқан.
Қазақстанға сапары кезінде Дуров мектепке барып, оқу процесін және оқушыларды іріктеу критерийлерін егжей-тегжейлі оқып шығыпты. Шалғай өңірлердегі оқушылардың оқу кезінде қол жеткізген елеулі жетістіктерін білген Дуров жасөспірімдерді қолдауға бел буды. Бастапқыда бірнеше балаға көмек көрсетуді жоспарлағанымен, кейін гранттар санын 12-ге ұлғайтты.
– Кандидаттарды жеке өзі талдауға кірісіп, олардың балдарын, пәндерін және одан да көп қосымша ақпаратты сұратқанда мен таң қалдым, – деген Айдын Рахымбаевтың сөзін келтірді басылым.
Дуров қазақстандық мектептерге кездейсоқ барған жоқ. Өзі де дарындыларға арналған мектептің түлегі бола тұра, ол осындай мекемелерге ерекше қызығушылық танытып жүреді, нәтижесінде ауылдағы балаларды қолдау туралы маңызды шешімге келген.
Report: Орта дәліздегі контейнерлік тасымал 14 есе өсті
Биыл қаңтар-шілде айларында Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ, Орта дәліз) арқылы контейнерлік жүк тасымалы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 есе ұлғайған. Жаңалықты «Қазақстан темір жолына» сілтеме жасай отыырып Report хабарлады.
Жалпы, 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында ТХКБ бойымен 2,5 млн тонна жүк тасымалданған. Қазақстанның Көлік министрлігі биыл Орта дәліз бойынша жыл соңына дейін 4,2 млн тонна жүк тасымалданатынын болжап отыр.
Орта дәлiз деп аталатын Транскаспий халықаралық көлiк бағыты Қытай, Қазақстан, Каспий теңiзi акваториясы, Әзербайжан, Грузия және одан әрi Түркия мен Еуропа елдерi арқылы өтедi. Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісі дәліздің бір бөлігі болып саналады.