Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: ШЫҰ саммиті, Қытай–Еуропа дәлізі, визасыз сапарлар және қаржылық бақылау
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан қыркүйектің алғашқы күндерінде де әлемдік ақпарат құралдарының назарында болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары, Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммитінде көтерген стратегиялық бастамалары, Қытай–Еуропа транзиттік дәлізін кеңейту жоспары мен визасыз қатынасқа қатысты жаңа келісімдер кеңінен жазылды. Сондай-ақ, қаржылық бақылауды күшейтетін заңнамалық өзгерістер туралы да айтылған. Толығырақ Kazinform агенттігінің шолуынан оқыңыз.
Trend: ШЫҰ саммитіндегі Қазақстан Президентінің стратегиялық бастамалары
Тяньцзиньдегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым аясындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге бағытталған бірқатар бастама көтерді. Бұл туралы әзербайжандық Trend агенттігі жазды.
Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның «Шанхай рухына» сай өзара сенім, тиімділік және мәдени әртүрлілікті құрметтеу қағидаттарын сақтау маңызды екенін атап өтті. Ол ұйымды халықаралық диалог пен ынтымақтастық үшін тұрақты алаң ретінде дамытуды ұсынды.
Қауіпсіздік саласында Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм, экстремизм, есірткі саудасы және киберқылмысқа қарсы күресте бірлескен іс-қимылды күшейтуді қолдады. Сондай-ақ, Ауғанстанды аймақтық экономикалық процестерге тартудың маңызына тоқталды.
Президент БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігін атап өтіп, әділ әрі тең құқықты әлемдік тәртіп орнатуға Қазақстанның мүдделі екенін жеткізді. Экономикалық бағытта Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ елдерінің ЖІӨ-дегі үлесі екі есеге өсіп, 30%-ға жеткенін айтты. Қазақстан аймақтық сауда айналымының артып келе жатқанын атап өтіп, Қытайдың ШЫҰ даму банкін құру бастамасын қолдады.
Саммит аясында Қытай Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсян қатысқан Қазақстан–Қытай Іскерлік кеңесінің 8-отырысы өтті. Оған екі елден 500-ден астам өкіл қатысты. Нәтижесінде энергетика, көлік және цифрландыру салаларын қамтитын 70-тен астам құжатқа қол қойылып, келісімдердің жалпы көлемі 15 млрд доллардан асты.
ТАСС: Қазақстан Қытай – Еуропа транзиттік дәлізінің өткізу әлеуетін арттырады
Қазақстан 2025 жылы Достық – Мойынты теміржол учаскесіне екінші жолдарды қосу арқылы Қытай – Еуропа транзиттік дәлізінің өткізу қабілетін бес есе арттырады. Жаңалықты ресейлік ТАСС жазды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасына белсенді қатысып келеді. Ел аумағы арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық тасымалдардың 85%-ы өтеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Транскаспий халықаралық транспорттық дәлізінің әлеуетін дамытуға да қолдау көрсетіп жатыр. Өткен жылы бұл маршрут бойынша 4,5 млн тонна жүк тасымалданды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 62%-ға көп. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.
Каспий порттары – Ақтау мен Құрық арқылы тасымал көлемі де біртіндеп артып келеді. Президент атап өткендей, қытайлық компаниялар үшін Қазақстан аумағында ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асып отыр. Оның ішінде Ляньюньган портындағы Қазақстан–Қытай логистикалық терминалы мен Сиань қаласындағы құрғақ порт бар. Бұл жобалар Қытайдың бизнес құрылымдарына Қазақстанның транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Anadolu: Қазақстан азаматтары Арменияға жеке куәлікпен бара алады
Қазақстан Мәжілісі «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Армения Республикасы Үкіметі арасындағы азаматтардың сапары және елде болу тәртібі туралы келісімді» ратификациялады. Бұл туралы Түркиялық Anadolu агенттігі хабарлады.
Құжат бойынша, азаматтар елде 30 күннен астам уақыт болған жағдайда полицияда тіркелуге міндетті болады. Қазіргі уақытта олар 90 күнге дейін тіркеусіз бола алады.
Сонымен қатар, келісім 90 күннен асқан мерзімге елде болуды ұлттық заңнамаға сәйкес ұзартуға мүмкіндік береді. Ол үшін тек уақытша тұруға рұқсат алу жеткілікті.
Осылайша, екі жақ үшін визалық режим жойылып, азаматтардың елге келу шығындары азаяды. Келісімде сондай-ақ елге кіргізбеу немесе қалаусыз тұлғаларды кері қайтару құқығы қарастырылған.
Армян тарапы құжатты 2024 жылғы 15 қарашада ратификациялаған. Ресми деректерге сүйенсек, биыл Қазақстанға шамамен 12 мың Армения азаматы келген.
Report: Қазақстанда ақша аударымдарын бақылау күшейтіледі
Қазақстан Парламенті Сенаты бейсенбі күнгі жалпы отырыста «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады. Бұл туралы Report ақпарат агенттігі хабар таратты.
Құжатқа сәйкес, скорингтік жүйе енгізіледі. Ол клиенттердің (олардың өкілдерінің) және олардың иелерінің тәуекел деңгейін автоматты түрде бағалауға арналған. Жүйе қаржылық мониторинг субъектілеріне клиенттерді тексеру кезінде қосымша құрал ретінде қолданылады.
Сонымен бірге заңда «күдікті қызмет» ұғымы бекітіледі. Ол ақша аударымдарының мерзімділігіне, көлеміне және бағыттылығына қарай анықталады. Мәселен, бір шотқа күн сайын бірдей сома түссе, мұндай операция тексеріледі. Бұдан кейін олармен Қаржылық мониторинг агенттігі айналысады.
Жаңа нормаға сәйкес, қаржылық мониторинг субъектілері уәкілетті органға күдікті қызмет туралы хабарлауға міндетті. Алғаш рет цифрлық активтерге қатысты шек белгіленді – құны 5 млн теңгеден асатын барлық операциялар бақылауға жатады. Сонымен қатар мәдени құндылықтарды қолма-қол сатып алу/сату операциялары бойынша шек бұрынғы 45 млн теңгеден 1 млн теңгеге дейін төмендетілді.