Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Тәуелсіздіктің 33 жылдығы, астық экспорты мен мұнай болжамының төмендеуі
Бұл аптада жаһандағы медиалардың біразы Қазақстан Тәуелсіздігіне 33 жыл толуы жөнінде хабар таратты. Кейбірі көлемді мақалалалар әзірлеген. Сондай-ақ Гвинея-Бисау басшысының елімізге ресми сапармен келуі, көрші елдерге астық жеткізу көлемінің ұлғаюы және мұнай өндірісі болжамының өзгеруі туралы айтылды.
Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Anadolu: Қазақстан Тәуелсіздіктің 33 жылдығын тойлады
Жер көлемі бойынша әлемде 9-орынға ие, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше болып саналатын Қазақстан өз тәуелсіздігінің 33 жылдығын атап өтті. Осылай кіріспе жасап, көлемді мақаланы түркиялық Anadolu жариялады.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі елдің тәуелсіздігін ресми түрде растайтын тарихи құжатты қабылдады. 2,7 млн шаршы шақырымнан аса жерге ие бұл елдің солтүстігінде Ресеймен, шығысында Қытаймен, оңтүстікте және оңтүстік-батыста Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Түрікменстанмен ортақ шекарасы бар.
Соңғы халық санағының деректері бойынша, 20 миллионнан астам халқы бар Қазақстанда қазақтардың үлесі 70 пайыздан асады. Жер ресурстарына өте бай, әлемдік мұнай қорының 3 пайызын сақтайды. Уран өндірісінде әлемде бірінші орында. Еуропалық одаққа қажет 34 маңызды шикізаттың 18-і Қазақстанда бар.
Бір кездері тарихи Жібек жолының негізгі бағыттарының бірі болған ел қазір Еуразияның «транзиттік еліне» айналуда. Қазақстан Үкіметі 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүктердің санын 5 есеге ұлғайтуға ниетті.
Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан 441 млрд доллар шетелдік инвестиция тарта алды. Әлемнің бәсекеге қабілетті 35 елінің қатарына кіретін Қазақстан таяу 5 жылда тағы 150 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартуды жоспарлап отыр.
Қазақстан «ядролық қарусыздануды» ілгерілетуді өзінің сыртқы саясатының басымдықтарының біріне айналдырып, елдің шығысындағы Семей ядролық полигонын – әлемдегі көлемі жағынан жаппай қырып-жою қаруының 4-ші арсеналы орналасқан кеңес одағының «мұрасын» жапты. Елдің бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Ядролық қаруды сынауды жою үшін күрестің халықаралық күні деп жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан Үкіметі 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға дейін, яғни, екі есеге арттыруға ниетті.
Бұл тұста түркиялық ақпарат агенттігі Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасына да тоқталған. Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 32 жыл толды. Осы кезеңде Түркия мен Қазақстан өзара сауда көлемін 30 млн доллардан 10 млрд долларға дейін ұлғайтты.
Қазақстан Түркі мәдениеті ұйымы, Түркі академиясы, Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясы және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры сияқты бірлескен институттарды құруға бастамашы болды.
Қазақстанның ең ірі сауда серіктестері арасында Түркия 5-орын алады. Кейінгі жылдары Түркия Қазақстанға АҚШ пен Швейцариядан кейінгі инвестицияларын көбірек арттырған 3-ші ел ретінде белгілі.
CentralAsia: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало келіссөз жүргізді
Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гвинея-Бисау басшысы Умару Сисоку Эмбало арасында келіссөздер өтіп, қорытындысы жарияланды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланған басқосу жайында CentralAsia ақпарат таратты.
– Бізді жаһандық бейбітшілік пен өңірлік тұрақтылықты сақтаудың ортақ тәсілі біріктіреді. Қазіргі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Африка Одағы аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қол жеткізілген басты уағдаластықтардың бірі көлік-логистикалық байланыстарды дамыту туралы келісім болды. Көшбасшылар Бисау портын Транскаспий көлік дәлізімен түйіндестіру жоспарларын белгіледі, бұл жаһандық сын-қатерлер жағдайында ерекше маңызды болмақ.
Қазақстан ауыл шаруашылығында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Гвинея-Бисауға дәнді дақылдар экспортын ұлғайтуға ниетті. Сондай-ақ тау-кен саласындағы бірлескен жобалар, соның ішінде темір, фосфат және боксит кен орындарын игеру мәселелері талқыланды.
Цифрландыруға, киберқауіпсіздікке және қаржы технологияларына ерекше назар аударылды. Қазақстан цифрлық қызметтер саласындағы ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды, ал Гвинея-Бисау делегациясы келесі жылы Астана халықаралық форумына шақырылды.
Daryo: Қазақстаннан Тәжікстанға астық жеткізу 11 пайызға өсті
2024 жылдың қаңтар-қазанында Тәжікстан Қазақстаннан келетін астық импортын 11 пайызға арттырып, жеткізу көлемін 1,02 млн тоннаға өсірді. 2023 жылдың осы кезеңінде республикаға 917,1 мың тонна әкелінген. Бұл жаңалықты өзбекстандық Daryo жазды.
Өсімнің негізгі себебі сапалы азық-түлікке сұраныстың күшеюі, сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықтың табысты дамуы болды. 2024 жылғы қыркүйектен желтоқсанға дейін Тәжікстанға экспортталған жаңа астық көлемі 51 пайызға артып, 489 мың тоннаны құрады.
Тамыз айында Қазақстан мен Тәжікстан президенттері арасында қол жеткізілген уағдаластықтар қосымша 100 мың тонна бидай жеткізуді көздейді. Қазақстандық астық ішкі тұтыну үшін де, экспортқа қайта өңдеу үшін де Тәжікстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Тәжікстанның жыл сайынғы 2 млн тоннадан асатын бидай қажеттілігін ескерсек, ішкі өндірісі шамамен 1 млн тоннасын толықтырады. Халық санының ұлғаюынан сұраныс та өсуде. Сол үшін ел импортқа жүгіне бермек.
Тәжікстан Қазақстанмен серіктестікті дамытуды азық-түлік нарығындағы баға тұрақтылығын қолдау және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін стратегиялық маңызды қадам ретінде қарастырады. Мұндай ынтымақтастық елге агроөнеркәсіптік кешенді ұзақ мерзімді дамыту үшін, климаттың өзгеруіне және әлемдік бағалардың ауытқуына қарсы тұруға көмектеспек.
Report: Мұнай өндіру болжамы өзгерді
Қазақстанның Энергетика министрлігі 2024 жылдың қорытындысы бойынша, мұнай өндіру болжамын бұрын болжанған деңгейден (88,4 млн тоннадан) төмендету жайын қарастырды. Бұл ақпаратты Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің сөзіне сілтеме жасай отырып әзербайжандық Report бөлісті.
– 2024 жылдың қорытындысы бойынша, мұнай өндіру 87,8 млн тоннаны құрайды. Болжамның төмендеуі бірқатар факторларға байланысты, – деп мәлімдеді министр 17 желтоқсанда өткен үкімет отырысында.
Ол 2024 жылдың 11 айында елімізде конденсаты бар 80,5 млн тонна мұнай өндірілгенін хабарлады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға төмен. Бұл ретте Теңізде 25,9 млн тонна (2,1% төмен), Қашағанда 15,8 млн тонна (7,2% төмен) мұнай өндірілді.
– Есепті кезеңде Қазақстан 63,2 млн тонна мұнай экспорттады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 пайыз төмен, – деп нақтылаған Алмасадам Сәтқалиев.
Министр 2024 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстанда газ өндіру 53,8 млрд текше метрді (өсім 0,2%) құрағанын қосты. Есепті кезеңде тауарлық газ экспорты 5,4 млрд текше метрді (өсім 1,9%), ішкі тұтыну көлемі 18,2 млрд текше метрді (өсім 9%) құрады.