Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Түркі елдерінің алғашқы жерсерігі, «Болашақ ойындары» мен Дастан Сәтпаевтың голы

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада әлемдік басылымда Қазақстан жайлы ақпарат жиі ұшырасты. Соның ішінде «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирі, Түркі мемлекеттері ұйымының жерсерік ұшыру идеясы ерекше аталған. Жаһандық медиа Қазақстанда Ресей мұнайын өңдеу мәселесі және Дастан Сәтпаевтың «Челси» футбол клубындағы сәтті қадамына қатысты тақырыпты қалыс жібермеді. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Коллаж: kazinform/ ЖИ

Report: Түркі елдері алғаш рет жерсерік ұшырады

Түркі мемлекеттері ұйымы алғаш рет наносерік әзірлеп, ғарышқа ұшыратын болды. Ортақ ғарыш аппараты «OTS-SAT» деп атау алып, ұшыру мерзімі 2027 жылға жоспарланған. Жаңалықты Report агенттігінің Қазақстандағы бюросы жариялады.

Жуырда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев пен ТМҰ бас хатшысы Қубанычбек Өміралиев жобаны талқылаған. Тараптар жоба аясында келісімдерді әзірлеу, жобаны қаржыландыру және ұшыру процесіне қатысты мәселелерді пысықтады.

– Спутниктің инженерлік моделі толық құрастырылды, жұмыстар бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр, – деді министрлік.

Белгілі болғандай, ғарыш аппараты қазақстандық инженерлер мен мамандар Астанадағы Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінде әзірлеуде.

Жасұлан Мәдиевтің айтуынша, OTS-SAT жобасы ТМҰ-ға мүше елдердің технологиялық ынтымақтастығын нығайтып, ғарыш саласындағы бірлескен жобаларға жол ашады.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Reuters: Ресей мұнайын өңдеу бойынша келіссөз жүріп жатыр

Қазақстан зауыттарында Ресей мұнайын өңдеу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Болжам бойынша, мұнай өнімдері Қазақстанның ішкі нарығына сатылады және Ресейге тасымалдануы мүмкін. Энергетика министрлігінің ақпаратын Reuters агенттігі таратты.

– Ресей мұнайын өңдеу, одан алынған өнімді кейін Қазақстан нарығына сату және өнімнің бір бөлігін Ресей Федерациясына экспорттау туралы келіссөз жүргізілуде, – делінген министрлік ақпаратында.

Ведомство дерегіне сәйкес, аталған қадам отандық мұнай өңдеу зауыттарын шикізатпен қамту әрі ішкі нарықтағы жанар-жағармай тапшылығының алдын алу үшін қолға алынған.

Lenta: «Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирі басталды

Астанада «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирі басталды. Турнир физикалық және цифрлық форматын қамтитын фиджитал-бағыттар бойынша өтпек. Сайыс туралы ресейлік Lenta.ru интернет басылымы жазды.

Сайыста 34 елдің 800-ден астам өкілі бақ сынайды. Турнирде спортшылар фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds секілді 8 бағыт бойынша күш сынасады.

Турнирдің ашылу салтанаты 29 шілдеде «Барыс Арена» кешенінде өтті. Ойын 9 тамызға дейін жалғасады.

The Chelsea Chronicle: Сәтпаевтың маусымалды жолы

Британдық «The Chelsea Chronicle» басылымы Дастан Сәтпаевты «Челси» – «Уэстерн Сидней Уондерерс» матчының басты жұлдызының бірі деп бағалады.

Басылым тілшісі Джек Дрюри Сәтбаевтың кәсіби деңгейіне жоғары баға берген. Қазақстандық футболшының алғашқы минуттардан-ақ қарсыластың қақпасына доп соққанын айта келе, спортық мансабына үміт артты.

– Бұған дейін Дастанның «Челси» футбол клубына ауысуы көптің назарында болды. Жанкүйерлері жас ойыншыға зор қызығушылық танытқанын байқадық. Дастан «Челси» сапындағы алғашқы голын ойынның небәрі 10 минуты өтпей соқты. «Челси» шабуылшысының жасы 16-да, ол болашақ жұлдыз екенін дәлелдеді. Оны бұл ерлігінен кейін бас бапкер Хаби Алонсо азулы қарсыластарға қарсы ойындарда назардан тыс қалдырмасы анық, – деп жазды автор.