Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Уран резервін құру, QR-код төлемі және базалық мөлшерлеме

АСТАНА. KAZINFORM – Қазан айының соңғы аптасында әлемдік интернет-басылымдар Қазақстан жайлы хабарын үдетті. Соның ішінде Президенттің Жолдауда айтқан ұсыныстары мен Түркияға сапары ерекше назарда болған. Өзге мемлекеттермен ортақ QR-код төлемі, уран резервін құру идеясы, ТМҰ құрамындағы кеңеске төрағалық ету тақырыптары да көп жазылды. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Коллаж: Kazinform/ ЖИ

Anadolu: Тоқаев пен Ердоган мемлекетаралық қарым-қатынас жайын талқылады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған келіссөз жүргізді. Жаңалықты түркиялық Anadolu ақпарат агенттігі жазды.

Қазақстан Президенті қонақжайлық танытқаны үшін Түркия көшбасшысына алғыс айтып, түрік халқын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Ал Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екенін растаған.

Мемлекеттер басшылары мәңгі достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Jiji Press: QR-код арқылы төлем жасау мүмкіндігі қарастырылуда

22-23 қазанда Тәжікстанда төлем жүйелерін дамыту мәселелері бойынша Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан орталық (ұлттық) банктері өкілдерінің төртінші өңірлік кездесуі өтті. Іс-шарада ұлттық төлем платформалары мен лездік төлем жүйелерін дамыту, QR-код стандарттарын енгізу мәселесі қозғалған.

Жапондық Jiji Press-тің жазуынша, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан азаматтары аталған елдерге сапар шеккенде өз банктерінің мобильді қосымшалары арқылы QR-кодпен төлем жасап, нақты уақыт режимінде бір-біріне ақша аудара алады.

ТАСС: Стратегиялық уран резерві құрылуы мүмкін

Қасым-Жомарт Токаев кезекті Жолдауында елдегі атом электростанцияларын уран шикізатымен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік стратегиялық уран резервін құруды ұсынды. Жаңалықты ресейлік ТАСС агенттігі таратқан.

Оның айтуынша, Қазақстандағы АЭС құрылысымен айналысатын шетелдік серіктестерді жоғары технологиялық өндіріс құруға, сондай-ақ ядролық энергетика саласын дамытуға ынталандыру қажет.

– Бұл станцияларды елу жылдан кейін, тіпті, одан арғы уақытта уран шикізатымен қалай қамтамасыз ететінімізді қазірден бастап ойластыруымыз керек. Қазақстандағы атом электр станцияларының қажеттілігін өтеу үшін уранның алдағы жүз жылға жететін мемлекеттік стратегиялық қорын құру жөніндегі ұсыныс өте орынды. Бұл бастаманы жан-жақты пысықтау қажет деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

The Times of Central Asia: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін түсірді

Қазақстан Ұлттық банкі 23 қазанда базалық пайыздық мөлшерлемені 16,25%-дан 15,75%-ға дейін төмендетті, бұл – 2026 жылдың маусымынан бері төртінші мәрте төмендету қадамы. Ақпаратты The Times of Central Asia бөлісті.

Жылдық инфляция тамызда 9,8% болса, қыркүйекте 9,3%-ға дейін төмендеді. Азық-түлік инфляциясы 8,5%-ға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11%-ға дейін азайды. Ұлттық банктің дерегінше, мығым теңге мен қатаң ақша-несие саясаты баға өсімін баяулатуға көмектескен.

Айта кетйік, базалық мөлшерлеме өткен жылдың қазанынан бастап 18% деңгейінде қалған болатын. 2026 жылдың маусымында 17%-ға, шілдеде – 16,75%-ға, ал қыркүйекте – 16,25%-ға түсірілді.

Report: Қазақстан Антимонополиялық саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңеске төрағалық етеді

Қазақстан ТМД Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің жаңа төрағасы болып сайланды.

Report агентттігінің хабарлауынша, бұл шешім ТМД Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің 61-ші отырысында қабылданған. Мемлекетаралық кеңестің төрағасы лауазымына Марат Омаров сайланды.